Жайық өзенінің деңгейі рекордтық көрсеткішке жетті
Ресейдің Орынбор облысында Жайық өзенінің деңгейі 11 метрге жуықтап қалды.
Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Қауіпті меже - 9 метр 30 сантиметр саналады. Қазірге дейін 13 мыңдай үйді су басқан. Тағы 3 жарым мың баспана бүлінуі мүмкін. Кейбір жерде судан үйлердің шатыры ғана көрінеді. Тасқын екі федералдық тас жолға да жетеді деген күдік бар. Қазір ондағы көлік қозғалысы тоқтаған. Өзге өңірлерден Орынбор облысының тұрғындарына 35 тонна гуманитарлық көмек жеткізілген. Ахуалдың қиындауына байланысты көрші елдің төтенше жағдайлар министрі осымен үшінші рет аймаққа барды.
Сергей Кудинов, Орынбор облысы губернаторының бірінші орынбасары:
- Орынбор қаласындағы жағдай күрделі. Күн сайын су деңгейінің көтеріліп жатқанын көріп отырмыз. Кейінгі тәуліктің өзінде 80 сантиметрге көтерілген. Қазір көпқабатты үйлерді су басуын болдырмау керек, сондай-ақ тазалау құрылғыларының жұмысын тоқтатпауымыз қажет. Біз үшін осы маңызды. Жайық өзеніндегі су бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Мұның алдындағы рекорд 1942 жылы тіркелген еді. Ол кезде көрсеткіш 962 сантиметр болған.
Қорған облысында 15 елді мекен жарықсыз отыр
Қорған облысында ДА жағдай қиын. Тобыл өзенінің деңгейі көтеріліп жатыр. Ол 11 метрге дейін жетеді деген болжам бар. Қазірдің өзінде көрсеткіш 10 метрлік межеден асып кетті. Сондықтан билік апта соңына дейін тұрғындарды үлкен сынақ күтіп тұрғанын ескертеді. Облыс бойынша 62 елді мекен қауіпті аймаққа кіріп отыр. Қазір оңтүстік өңірлерді су басуда. 15 елді мекен жарықсыз қалды. 6 мыңнан аса тұрғын үй-жайын тастап, қауіпсіз жерге көшірілген.