Шоколад өндірісі құлдырауы мүмкін
Кофе дақылының өнімділігі төмендеді
Кофе әлемдегі ең танымал сусын. Статистикаға сүйенсек, күн сайын шамамен 2 миллиард тостаған ішіледі. Ал ең танымал кофе сорты - арабика қазірде әлемдік кофе нарығының 75%-ін құрайды. Болашақта кофенің осы сортына жойылу қаупі төніп тұр. Мәселен, Африкада арабика өсіруге жарамды аймақтардың саны 2080 жылға қарай 65 процентке азаяды деген болжам бар. Өйткені кейінгі 50 жылда кофе дәндерінің негізгі жеткізушілерінің бірі - Танзанияда өнімділік екі есе азайды. Оған себеп, таулардағы төменгі температура. Салдарынан кофе плантацияларына саңырауқұлақ инфекциясы әсер етіп, егіннің 50-85% -ін жойып жіберген. 2012-17 жылдары ел экономикасына 2,5 миллиард еуро шығын келіп, 2 миллионға жуық шаруа өз қожалықтарын тастап кеткен.
Ле Динь Ту, кофе экспорттаушы:
- Соңғы жылдары климаттың өзгеруі кофе өнімділігіне қатты әсер етті. Біз кофе өсіретін аумақты кеңейте алмасақ та сапалы кофе алу үшін өсіру әдісін өзгертеміз. Таулы аймақтағы климат өзгерісімен күресу үшін, су тапшылығы сияқты қиын жағдайларға төтеп бере алатын жаңа сорттарды іздеп жатырмыз.
2050 жылға қарай кофе дақылын өсіруге жарамды аумақ шамамен екі есе азаяды, ал 2080 жылға қарай бұл өсімдік жабайы табиғатта толығымен жойылып кету қаупі бар. Кофемен қатар, шоколад индустриясы да біржола тоқтайды дейді сарапшылар.
Шоколад индустриясы тоқтауы мүмкін
Жаһандық жылынудың әсерінен 2030 жылға қарай какао ағашын өсіру тиімсіз болады. Қазірдің өзінде кейбір африкалық, индонезиялық фермерлер какао бұршақтарын өсіруден бас тартып жатыр. Халықаралық какао ұйымының мәліметі бойынша, кейінгі 40 жылда шоколад ағаштарын өсіруге жарамды аумақтардың ауданы 40%-ке азайды. Сондай-ақ әлемдік какао экспортының 70%-ін қамтитын Гана мен Кот-д’Ивуардағы орташа температура 2 градусқа көтеріледі деген қауіп бар. Ал бұл болжам жыл сайын какаоға сұранысты арттырып жатыр. Әлемдік биржалардағы какао бұршақтарының құны ақпан басында 6000 долларға жетті. Жыл басынан бері бір жарым есе өскен. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 130 процентке көп.
Нияз Мардан, сатушы:
- 2020 жылы какао бағасы қымбаттады. Бұл әрине бізге, яғни шоколад сататын дүкендерге әсер етпей қоймайды. Өзім Бельгиядан үнемі 200-300 келі шоколадты тапсырыспен алдыртамын. Қымбат алған соң оны қымбат сатуға тура келеді.
Балық шаруашылығына қауіп төнді
Температураның жоғарылауы өзендер мен мұхиттарда балықтарды өлтіруі мүмкін. Әсіресе теңіз балықтарына қауіпті. Өйткені жылы суда оттегі аз болады. Ал организм энергия бөлуі үшін тыныс алуы тиіс – бұл адамға да, балыққа да тән процесс. Былтыр Жаңа Зеландияда ақсерке өсіретін фермалар су температурасының тез көтерілуінен зардап шекті, мың тоннадан астам тұншыққан балықты полигондарға тастады. Сол сияқты маусым айында мыңдаған балық Техас шығанағы жағалауында ауа жетпей қырылып қалды.
ЦИТАТА:
Кейінгі онжылдықта теңіз бетінің орташа жаһандық температурасы Фаренгейт бойынша шамамен 1,8 градусқа артты. Жер бетіндегі температураның бір градусқа өзгеруі жаһандық мұхиттың көптеген бөліктерінде үлкен мәселе.
Джеймс Ренуик, Веллингтондағы Виктория Университетінің климат зерттеушісі
Ғалымдардың пайымынша, парникті газдың атмосфераға бөлінуі кемімей, орташа температура Цельсий бойынша 5 °C-қа көтерілсе, барлық балық түрінің 60%-і ұрпақ өрбітуден қалады. Кейбір балық түрлері жаһандық жылынуға биологиялық эволюция арқылы бейімделуіне тура келеді, алайда бұған ұзақ уақыт кетеді.