Ресейде тасқынның беті қайтпады

Ресейде қызыл судың қарқыны әлі де қатты.

Жайық, Тобыл, Есіл өзендерінен тасыған су елді мекендерді басып жатыр. Тұрғындардың топан судан үрейі қашқан.

Жайықтағы жағдай әлі де қиын. Өзен ернеуінен асып-тасып, жолындағы елді мекендерді жаңқаша шайып кетіп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша Орынбор облысында су деңгейі 12 метрге жақындап қалған. Бұл – қауіпті межеден әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Осыған байланысты аймақ басшысы тұрғындарды су басқан аймақтардан шұғыл кетуге шақырып жатыр. Ал төтенше жағдай қызметкерлері тасқын салдарын жою үшін күні-түні тынбай еңбек етіп жатыр. Бір ғана Орск қаласында 4400 маман, 1000-ға жуық техника жұмыс істеп жатыр. Жалпы осы уақытқа дейін Орынбор қаласында 5,5 мың үй мен 10,5 мың ауланы су басқан.

Түмен облысы да тасқынға төтеп бере алмай жатыр. 8 елді мекенде жаппай эвакуация жарияланған. Егер Есіл өзенінің толуы бәсеңдемей, су деңгейі бөгеттен асып кетсе, Есіл қаласының тағы 7,5 мың тұрғынын қауіпсіз жерге көшіру керек болады. Жуырда облыс губернаторы осындай мәлімдеме жасады.

Александр Морр, Түмен облысының губернаторы:

- Өкінішке қарай, өзендегі су деңгейі көтеріліп жатыр. Мұз әлі толық еріп біткен жоқ. Егер су көтерілсе, мұз да жоғары қарқынмен жылжитын болады. Сондықтан Ишим қаласын қауіптен қорғау мақсатында өзенде мұз жару жұмыстарын жүргізуді шештік.

Ал Қорған облысында Тобыл тасып жатыр. Су екі көпірді шайып кеткен. 10-нан аса елді мекенде жарық жоқ. Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі келтірген ақпарға сәйкес осы уақытқа дейін 305 үй мен 685 ауланы су астында қалған. Қазір аймақтағы автожолдардың бәрі жабық. Бүкіл облыс бойынша төтенше жағдай режимі жарияланған.

Тасқын су Бурятияда буырқанып жатыр. 3 ауданда бас-аяғы 470 ауланы су басты. Селенге өзеніндегі мұз кептелісінен ахуал тіпті шиеленісіп кетуі мүмкін қауіп бар. Сондықтан құтқарушылар мұз жару жұмыстарын қолға алды. Республика үкіметінің дерегі бойынша бүгінге дейін қауіпті аймақтардан 39 адам эвакуацияланған.