Климат өзгерісінің балаларға әсері
Дүниеде шала туған нәрестелер көбейді.
10 жыл ішінде осындай 125 миллион шақалақ өмірге келген. Енді, бұған не себеп? Сарапшылардың көбі мұны климаттың өзгерісімен байланыстырады.
Жер бетінде жарты миллиардтай бала су тасқыны қаупі жоғары аймақта, 115 миллионға жуығы тропикалық циклондар қаупі жоғары өңірде тұрады.
Иә, гигиенаның сақталмауы, жұқпалы ауру жұқтыру секілді жайттардан балалардың көбі 5 жасқа толмай көз жұмады.
Климат өзгерісі балалардың өміріне де өзгеріс әкеледі, өкініштісі оның салдары ауыр.
«Біз өскенше, ақырзаман да келеді...» Австралиялық балалардың 43 пайызы осындай пікірде. The Conversation бысылымы жүргізген, сауалнамаға 10-14 жастағы 1300 бала қатысып, климатқа қатысты 500-ден астам сұраққа жауап берді. Зерттеу нәтижесі, табиғаттың тосын мінезі балаларды да толғандырмай қоймайтынын көрсетеді. Балалардың басым бөлігі өз болашағына алаңдаулы.
Жалпы Австралия жұрты орман өрті, жауын-шашын, су тасқынынан жыл сайын зардап шегеді. Ең ауыры 2019 жылдың қыркүйегінде басталып, шамамен 6 айға созылған. Ел тарихында "Қара жаз" деген атпен қалған апатта 24 миллион гектардан астам аумақ пен 3500 үй өртеніп, 479 адам көз жұмды.
Цитата:
Балалардың санасына жаһандық жылыну туралы ақпаратты көбірек сіңіру маңызды. Климат өзгерісі, қазір болып жатқан табиғи құбылыстар, оның салдары т.б. оқу бағдарламасындағы физикадан бастап бастап әлеуметтік ғылымдарға дейінгі барлық пәндерде болуға тиіс.
The Conversation басылымынан
Жалпы кейінгі 10 жылда дүниежүзінде 82 миллион гектарға жуық орман алқабы отқа оранды. Ең ірісі Австралия, Ресей, Канада және АҚШ-та болды. Біріккен ұлттар ұйымы құбылмалы климаттың әсерінен 2050 жылға қарай жаһандағы өрттің көрсеткіші 30%-ке артатынын ескертеді. Ал, оттың түтінінен ауаны ластаушы микробөлшектер бөлінеді. Бұл, өкпе және тыныс алу жолдарына қауіпті.
Әлемде 2 миллиардқа жуық бала, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен нормаға сай келмейтін, лас ауамен тыныстайды. Соның кесірінен респираторлық аурулардан басқа, ақыл-ойының дамуына кедергі келтіретін неврологиялық ауытқуларға, сондай-ақ демікпе және қатерлі ісікке, жүрек-қан тамырлары дерттеріне шалдығады. Мәселен, Барселонада балаларда болатын демікпе ауруының 80 пайызы осы лас ауаның кесірінен. Атмосферадағы зиянды заттардың мөлшерден тыс концентрациясы ерте босануға, жаңа туған нәрестелердің салмағының аз болуына, кейде тіпті нәрестелердің өлі тууына сепепші болады.
Цитата:
Климат дағдарысы - бұл денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлардың бірі. Ауаның ластану деңгейі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған деңгейге дейін төмендесе әлемдегі ауа ластануынан болатын өлімнің жалпы саны 80%-ке азаяды.
Мария Нейра, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі
Қазірде әлемде 78 миллион бала мектепке бармайды. Кейінгі 6 жылда, күніне 20 мың бала өз үйінен немесе мектептен кеткен.Алыстағы Африка құрлығын айтпағанда, былтыр Түркия мен Сирияда болған зілзала салдарынан 2 миллионнан астам бала оқу-сызусыз қалды. 1858 бала ата-анасынан көз жазып қалса, 38-і жоғалып кеткен. Бала - қоғамдағы ең әлсіз топ. Осы ретте Дүниежүзілік ЮНИСЕФ ұйымы барша адамзатты болашақ ұрпақ қамына бей-жай қарамауға шақырады
Цитата:
Балаңыздың болашағы өз қолыңызда. Ұрпағыңыздың жайлы өмір сүріп, жақсы білім алуы үшін барлық қажетті шараларды жасауға тырысыңыз. Балалардың денсаулығы мен әл-ауқаты халықаралық қауымдастықтың назарынан тыс қалған емес.