Су тасқыны: Ресейдегі ахуал қандай?
Ресейдің Орынбор облысында тасқынға қатысты ахуал тұрақтала бастағандай.
Судың беті біртіндеп қайтып жатыр. Десе де Қорғанда жағдай әлі де күрделі. Тобыл суы төңіректі жайпап, ондаған елді мекенді су басқан.
Ресейдің Орынбор облысында тасқынға қатысты ахуал біртіндеп тұрақталып келеді. Жайық төмендей бастады. Су деңгейі 940 сантиметр шамасында. Қазір тасқыннан зардап шеккен елді мекендерде санитарлық-дезинфекциялау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар арнайы комиссия мүшелері әр үйді аралап, келтірілген шығын мен залалды есептеуге кірісті.
Сергей Салмин, Орынбор облысының губернаторы:
- Тасқын судың беті қайта бастады. Қазір Орынборда табиғи апаттың зардабын бағалау жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан бөлек, түрлі жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау және инфекциялық індеттердің алдын алу мақсатында залалсыздандыру шараларын қолға алдық. Тұрғындарға тиісті құралдар таратылып жатыр.
Тасқыннан кейін жиналып қалған қоқыс та өзекті мәселе болып тұр. Көшелерде тау-тау болып үйілген. Осыған байланысты өңір басшысы мәлімдеме жасап, санитарлық жағдайды толығымен қалпына келтіру үшін көп ұзамай елді мекендерде жаппай тазарту жұмыстары басталатынын жеткізді.
Сергей Салмин, Орынбор облысының губернаторы:
- Ең ауқымды істің бірі алдағы тазалау жұмыстары болғалы тұр. Су қайтқан жерлерде қоқыс өте көп. Судың беті қайтқан сайын тұрмыстық қалдық көлемі де арта түседі. Тұрғындарға қажетсіз заттар мен мүліктерін тастауына тура келеді. Осы ретте қоқыс шығару жұмыстары тегін болатынын айтқым келеді. Біз бұл мәселеде бүкіл облыс тұрғындарына міндетті көмек көрсетеміз.
Ал Орскіде ауызсуға қатысты мәселе қиын болып тұр. Тіршілік көзі тұрғын үйлерге берілгенімен, сапасы көңіл көншітпейді. Краннан сары су ағып тұр. Осыған байланысты жергілікті жұрт ауызсуды дүкеннен сатып алуға мәжбүр.
Қорған облысында, керісінше, жағдай күрделі. Елді мекендерді әлі су алып жатыр. Жуырда жергілікті билік ондаған ауылдың тұрғынына шұғыл түрде көшу туралы ескерту жасады. Өзендердегі су деңгейі қауіпті межеден жоғары болып тұр. Кейінгі тәулікте Тобылдың деңгейі біршама төмендегенімен, көрсеткіш 985 сантиметр шамасында. Сондықтан құтқарушылар тұрғындарды эвакуациялап, су басқан жерлерде үйінділер төсеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.