22 сәуір – Жер-Ана күні
22 сәуір – Жер-Ана күні. Иә, тура осылай аталады. Оны 15 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен.
Бұл ұғымды қазақ «Жер – ана, адамзат – бала» деп ертеден айтып келеді. Анамызды аялай алып отырмыз ба?
Бүгін — Жер-Ана күні
Мамандардың мәлімдеуінше, қазір Жер шарында 3 түрлі экологиялық дағдарыс бар. Біріншіден, климат қатты өзгеріп жатыр. Екіншіден, табиғаттың биологиялық келбеті бұзылды. Үшінші – қоршаған ортаның ластануы.
«Жер шарындағы халықтың жартысына жуығы климаттың өзгеруінен зардап шегетін аймақтарда тұрып жатыр. Кейінгі 10 жылда су тасқыны, құрғақшылық пен дауыл салдарынан өлім-жітім көбейген», – Адити Мукхеоджи, климаттанушы.
Пластик өндірісі 19,000% өскен
Мамандар Жер-Ананы аямай ластаудың кесірінен жануарлар мен өсімдіктердің 1 миллионға жуық түрі құрып кетудің сәл-ақ алдында тұрғанын айтады. Қоршаған орта үшін ең үлкен залалдардың бірі әрі бірегейі – пластик. Қазір жыл сайын 400 миллионнан астам тонна пластик өндіріледі. Бұл 100 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 19 000%-ке жоғары.
Федра Песзулло, эколог-профессор:
- Ғаламшарға төнген қауіп адамзатқа да зор зиян келтіреді. Қазір біз өте көп пластик өндіріп жатырмыз. Жерге, суға тасталған пластик шірімейді, жойылмайды. Олар ғасырлар бойы бұзылмай жата береді. Пластиктен ауа тараған қауіпті химиялық заттар тыныс алу жолдарында ауру тудырып, қан-тамыр жүйесін бұзады. Бұлар – қатерлі ісіктің негізгі көзі.
Жылына 2 млн тонна пластик шығарылады
Бір ғана Африка құрлығын алайық. 230 миллион адам тұратын Нигерияда жылына 2 миллион тонна пластик өнім шығарылады. Көбі далаға тасталады. Бұл елде пластик жинау және қайта өңдеу мәдениеті мүлде қалыптаспаған. Сондықтан көше қоқысқа толы. Жер-Ана күні бірер белсенді далаға шығып, қап арқалап, пластик теріп жүр.
Сония Угвунна, экобелсенді:
- Жер шары бәрімізге ортақ. Біз, барлық адамдар, бір шаңырақ астында, бір үйде тұрып жатқанымызды жете түсіне білуіміз керек. Климаттың өзгеруі – адамзат бетпе-бет келіп отырған ең үлкен сынақтың бірі. Оның теріс салдарын өз көзімізбен көріп отырмыз. Температура жоғарылап, мұздықтар еріп, мұхиттар мен теңіздердің деңгейі көтеріліп жатыр.
Жер жалаңаштанып жатыр
Жыл сайын жер шарында 10 миллион гектар орман жойылады. Бұл әлемдегі бірқатар елдің аумағынан асатын алапат шығын. Ормандардың қоршаған орта үшін пайдасы орасан. Олар жылда 2 миллиард тонна көмірқышқыл газын жұтып, ауаны тазартады. Мамандар: «қайта өңделген 80 келі қағаз қоқыс 1 ағашты кесуден аман сақтайды», – дейді.
Белсенділер тал екті
Халықаралық Жер-Ана күнінде көпшілік қоршаған ортаға бір көңіл бөліп қалады. Перу астанасы Лимада 150 ерікті 500 тал екті. Олар ағаш отырғызуға қала арқылы өтетін Чилон өзенінің жағасын таңдап алған. Тынық мұхитына құятын дарияның арнасы құрғақшылық салдарынан азая бастаған.
Артуро Алфаро, эколог:
- Біз тал егу арқылы мына аумақты жасыл желекке айналдырғымыз келеді. Сусыз тіршілік жоқ. Өзеннің арнасын негізі ағаштың тамыры ұстайды. Орман алқабы климатты да жақсартады. Ағаш көбейген сайын ауа температурасы төмендейді. Күн қатты ысымайды.
Жер-Ана үшін басты қауіп – ғаламдық жылыну. Біріккен Ұлттар Ұйымы: «температураны 1,5 градустан асырмау керек», – дейді. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін әлем елдерінің үкіметтері 2030 жылға дейін ауаға бөлінетін зиянды қалдық көлемін 45%-ке қысқартуға тиіс. Ал 2050 жылы көміртегі мүлде қолданылмайтын болуы керек. Жер-Ананы сақтаудың басты амалы – осы.