Қытайдың оңтүстігі суға батты
Қытайдың оңтүстігінде су тасқынынан 100 миллионнан астам адамның өміріне қауіп төніп тұр, деп хабарлайды 24KZ.
Қазірдің өзінде мыңдаған тұрғын үй су астында қалды. Жұрт дүрлігіп, жаппай көшіп жатыр. Апат аймақтарында көлік, теміржол, тіпті кемелердің қозғалысы тоқтап қалды.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Ең қиын жағдай Гуандун провинциясында. Қазірге дейін 100 мыңға жуық тұрғын баспанасын тастап бас сауғалап кетті. Тасқын су лап қойып қариялар мен балалар қашып үлгере алмай жатыр. Елде 127 миллион халықтың өміріне қауіп төніп тұр.
Табиғи апат бірнеше күн бойы толассыз жауған жауын-шашын салдарынан болды. Сицзянь мен Бэйцзян өзендері толып, арнасынан шығып кетті. Енді ең ірі өзендердің бірі Чжуцзянның 44 сағасы қауіпті деңгейден асып тасуға шақ тұр. Жергілікті билік маңайдағы қалалар мен ауылдардың халқын жаппай эвакуациялап жатыр. Тасқынның ортасында қалған тұрғындарға азық-түлік, дәрі-дәрмек пен киім-кешек тек тікұшақпен жеткізіліп жатыр.
Ли Яньхуэй, Цзянвань қалалық денсаулық орталығының директоры:
- Дәрі-дәрмек жетпей жатыр. Қор аз. Ішетін таза су жоқ. Жолдар жабық. Мына заттар тікұшақтармен жеткізіліп жатыр. Қарттар мен оқушы балалар бар. Бүкіл ауылды аралап тексеріп шығу керек. Жедел жәрдемге мұқтаж, жарақат алғандар болуы мүмкін.
Нөсер салдарынан электр желілеріне зақым келіп 1,5 миллионға жуық халық жарықсыз қалды. Елде 1000-нан астам мектепте оқу тоқтатылды. Тау бөктерінде сел жүріп жолдарды басып қалды. Шарулардың егіс алқаптарын түгел су шайып кетті. Провинцияда көлік пен пойыз қозғалысы шектелді. Тіпті өзендердің ағысының қатты болғаны соншалық су көліктерінің қозғалысына тыйым салынды. 11 мың турист вокзалдарда түнеуге мәжбүр болды.
Ван Сюй, саяхатшы:
- Үйге қайта алмай қалдық. Жолдардың бәрі жабық. Байланыс жоқ. Абырой болғанда, автобустар ұйымдастырлып, станцияға әрең жеттік. Вокзалдың іші жолаушыларға лық толы. Отыратын жер жоқ. Кезекпен жіберіп жатыр.
Айта кету керек, 2021 жылы 12 миллион халық тұратын Чжэнчжоу қаласында бір жылдық жауын бір аптада түсіп қаланы су шайып кеткен еді. Апат кезінде 400 адам көз жұмды. Сонымен қатар Хэнань провинциясында сел жүріп, 50 мың тұрғын үй қирап қалған. 1,4 миллион адам көшірілген болатын.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазір метеорологтар: «жауын-шашын тоқтамаса, бұл жолғы тасқынның ауқымы орасан болады», – деп қауіптеніп отыр. Елде төтенше жағдай туралы ескерту жарияланды. Енді 18 миллион халқы бар Гуанчжоу қаласындағы су қоймасы лық толып, тасуға шақ тұр. Мамандар: «мұндай жағдай елде кейінгі 50 жылда болған емес», – деп дабыл қағып жатыр.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы.