Британияның көші-қон саясаты қатаң сынға ұшырады

Халықаралық ұйымдар Ұлыбритания билігінің көші-қон саясатын қатаң сынға алып отыр.

Солардың қатарында "Әмнести Интернешнл", БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігі мен Еуропа кеңесі бар. Бірнеше күн бұрын британ парламентінің жоғарғы палатасы заң қабылдады. Ол корольдікке заңсыз келген мигранттарды Шығыс Африкадағы Руандаға жіберуге рұқсат береді. Билік осылайша судағы өлім санын азайтып, адамдары тасымалдаумен айналысатын қылмыстық топтардың жолын кесуге ниетті. Бірақ халықаралық ұйымдар бұл заң адам құқықтарын бұзатынын айтып, британ билігінен шешімін өзгертуін сұрап отыр. 

Саша Дешмук, Amnesty International UK ұйымының бас директоры:

"Ұлыбритания билігі біз үшін халықаралық құқық маңызды деп айтып қана қоймай, оны іспен дәлелдеу керек. Шындығында бәрі керісінше болып отыр. Мигранттарды Руандаға күштеп жіберу туралы заң көші-қонмен күрестегі халықаралық ынтымақтастыққа қайшы келеді."