Трампқа қарсы сот процесі жалғасып жатыр
Нью Йоркте АҚШ-тың бұрынғы Президенті Дональд Трампқа қарсы сот процесі жалғасып жатыр.
Оған 2016 жылы сайлау алдында ересектерге арналған киноактрисамен қатынаста болғанын жасыру үшін 130 мың доллар төледі деген айып тағылып отыр. Сондай-ақ прокурорлар экс-Президент өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында түрлі жазбалар жариялап, құпия мәліметті бөліспеу туралы талапты бұзды деп отыр.
Айжан Сыдықова, тілші:
- Бұл АҚШ тарихындағы бұрынғы немесе лауазымдағы Президентке қатысты алғашқы қылмыстық іс. Алайда Трамп өз кінәсін мойындамады және мұндай кездесудің болғанын жоққа шығарады.
Судья Мерчан Дональд Трампқа әрбір заң бұзғаны үшін мың доллардан айыппұл салуы мүмкін. Прокурорлар егер ол айылын жимаса одан да ауыр жаза күтетінін ескертті. Заң бойынша судья оны 30 күнге дейін қамауға алуына болады. Мәліметтерді таратпау туралы қаулы бойынша ол күәгерлерді, сот мүшелерін және олардың туысқандарын көпшілік алдында сынауына болмайды. Ал экс Президент болса, сот болып жатқан күні үзілісте әлеуметтік желідегі парақшасында “Судья мені сөз бостандығы конституциялық құқығымнан айырды. Барлығы мен туралы сөйлеп, жалған айта алады, ал маған өзімді қорғауға болмайды. Бұл кенгурудың соты” деп жазды. Ол сейсенбіде сот ғимаратында саяси қарсыласы Джо Байденге шабуыл жасады.
Дональд Трамп, АҚШ-тың бұрынғы президенті:
- Колледждер деңгейінде, мысалы Нью Йорк университетінің Колумбия колледжінде болып жатқан оқиғалар өте ұят. Және бұл осы күндері орын алған. Бұл барып тұрған тәртіпсіздік. Біздің елімізді ұятқа қалтырғанға, барлығына Байден кінәлі. Ол бәріне белгілі. Оның ешқандай жолдауы жоқ, жанашырлықты және жалпы не істеп жатқанын білмейді. Шын мәнісінде ол екі сөздің басын құра алмайды. Ол еліміздің тарихындағы ең нашар Президент.
Айжан Сыдықова, тілші:
- Естеріңізге сала кетейін, бұған дейін Трамп былтыр әлеуметтік желіде азаматтық алаяқтық ісі бойынша судьяның көмекшісін сынаған посты үшін 15000$-ға, ал 2022 жылы сотты сыйламағаны үшін 110000$- ға айыппұл арқалаған болатын.
Айжан Сыдықова