Ресейде тасқын кезінде алаяқтар көбейді

Ресейде су тасқыны басталғалы әлеуметтік желілер арқылы адамдарды алдап, қаржы жинаған алаяқтар көбейді.

Әсіресе Орынбор облысының тұрғындары көп зардап шеккен. Қаскөйлер тіпті арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін жасанды интеллектіге жүгінетін болған.

Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы. Орынбор облысында тұрғындар кейінгі 100 жылда болмаған ең алапат тасқын салдарымен әлек болып жатқанда, алаяқтар арам ойларын іске асыруға көшкен. Олар интернетте табиғат апатынан зардап шеккен тұрғындарға көмек деп, жалған есепшоттар ашып, сонда ақша аударуын сұрайтын болған. Мәліметке қарағанда аймақта төтенше жағдай жарияланғаннан бері залым қулар осындай жолмен облыс тұрғындарының 20 миллион рублін қолды еткен. Осы ретте полицейлер тек ресми ақпарат көздерінде жария етілген мәліметтерге ғана сенуге шақырады.

Цитата

РФ ІІМ Орынбор облысы бойынша басқармасы:

«Қазір тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төлеуге қатысты алаяқтық оқиғалары жиілеп кетті. Полиция қызметкерлері Орынбор облысының тұрғындарын мұндай ұсыныстардың бәріне сене бермей сақ болуға шақырады. Телефон арқылы бейтаныс адамға құпиясөздер мен жеке деректеріңізді айтпаңыздар. Әсіресе WhatsApp, Viber, Telegram арқылы жіберілетін хабарламаларға абай болу қажет».

Алаяқтар 40 мың жалған сайт ашқан

Ал Ұлыбританияда құқық қорғаушылары Еурополдағы әріптестерімен бірлесіп ірі онлайн-платформаның заңсыз қызметін әшкереледі. Оның көмегімен алаяқтар әлем бойынша 40 мың жалған сайт ашып, пайда тауып келген. Бұл үшін қаскөйлер ақпараттық технологиялар арқылы танымал брендтер мен банктер, денсаулық сақтау және пошта қызметі сайттарының көшірмелерін жасаған. Сөйтіп тұтынушылардың электронды поштасын, құпия сөздері мен банк картасының деректерін біліп отырған. Залымдар мұнымен шектелмей, өзге адамдарға осылай жеңіл ақша табудың жолын үйретіп, 300 стерлинг фунт алып келген. 

Адриан Сирл, Ұлыбритания Қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттігінің өкілі:

- Бұл сервистің көмегімен алаяқтар азаматтарға электрондық хаттар жіберіп отырған. Онда тұрғындар сілтеме арқылы өтіп, өзінің жеке басына қатысты деректерді енгізеді. Сөйтіп алаяқтар оларды арам ойларын іске асыру үшін қолданған. Ұлыбританияның өзінде 70 мыңға жуық адам алданып қалған. Бұл іске қатысты әлем бойынша 37 адам тұтқындалды.

Жасанды интеллектімен алаяқтық жасау көбейді 

Жалпы, қазір онлайн алаяқтықтың көбі танымал әлеуметтік желілелер арқылы жасалады. Кейінгі уақытта қаскөйлер тіпті жасанды интеллектіні жиі қолданатын болған. Мысалы, Ресейде "ВКонтакте" мен Телеграм желілерінде бұрынғы аудиожазбалар арқылы адамның дауысын айнытпай салып, таныстарынан ақша сұрап СМС жіберу көбейген. Мамандар алаяқтардың арбауына түспеу үшін жекедеректерді барынша құпия сақтап, күдікті сілтемелерге өтпеуге шақырады. Ал танысыңыз ақша сұраса, өзіне қоңырау шалып, ақпаратты тексеріп алуға кеңес береді.