Ұлыбританиямен арадағы келісім кеңейді
Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналым 2022 жылы – 2 млрд долларға жуықтады.
Өткен жылы арадағы алыс-беріс 1,2 млрд доллар болды. Қазақстаннан Ұлыбританияға күміс, мыс, хром шикізаты экспортталса, біздің елге Ұлыбританиядан жеңіл көліктер, жол және құрылыс техникасы, дәрі-дәрмек импортталады. Еуропалық мемлекет біздің елге инвестиция құюдан алтыншы орында тұр. Өзге бағыттағы ынтымақтастықтың қарқыны қандай? Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронның бұл жолғы сапарында екі жақты келісім қаншалықты кеңейді?
Бақыт Топтаева, тілші:
- Нархоз бен Белфастегі Патшайым университеттері Астанада британдық жоғарғы оқу орнының филиалын ашуға келісті. Сонымен қатар, еліміздің бас шаһарында Ковентри университетінің бөлімшесін ашу жоспарда бар. Оған қоса, Оксфорд университетінде қазақ тілінің курсы ашылады. Бұл Тұманды Альбион мен Қазақстанның бір ғана білім саласында жасалған уағдаластықтар. Қос елдің сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдемесінде өзге де бағыттағы ынтымақтастық бекемдей түсетінін жеткізді. Нақтырақ айтқанда соңғы 6 жыл бойы екшеленген стратегиялық серіктестік туралы келісімге 200-ден астам бап енді. Әлбетте, онда алыс-беріс, энергетика, банк және қаржы, кен байыту ісі, көлік-логистика, климаттың өзгеруі, еңбек миграциясы сияқты бірқатар сала қамтылған.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі:
- Жиырма жылдан бері британдық тікелей инвестициялар көлемі 17 млрд долларға жетті. Өткен жылы Ұлыбританиядан экономикамызға тартылған инвестициялар 20% өсіп, 795 млн долларды құрады. Қазіргі таңда 600-ге жуық британ бизнесі капиталының қатысуымен құрылған кәсіпорындар еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Олардың қатарында «Shell», «RioTinto», «Ernst and Young», «AstraZeneca» және т.б. танымал компаниялар бар.Алайда, экономика саласындағы біздің әлеуетіміз әлі де толық пайдаланылмай келеді деген пікір де бар. Сондықтан, өзара ықпалдастықтың қарқынын арттыра түскен жөн.
Дэвид Кэмерон, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Сыртқы істер, Достастық және даму істері министрі:
- Менің ойымша алдағы жылдары экология, білім беру, энергетика, климаттың өзгеруі болсын, біз бірлесе жұмыс атқара алатын талай бағыт бар. Мен осы аптадағы Орталық Азияға жасаған сапарыма қатысты жалпылама түсініктеме бере кетсем. Қазақстанға, немесе аймақтағы елдің қайсысы болсын Ресей, Қытай немес өзге елдермен сауда қатынасын құру таңдауына қарсы келмейміз. Тек бұл ретте бізбен де екі жақтың дамуына тиімді серіктестік құруға мүмкіндік бар екенін білдіргім келеді. Ресей, Қытай, Иран, Ауғанстан елдеріне жақын орналасқандықтан, әрине, олармен қарым-қатынас құру аса маңызды екенін білеміз. Ең бастысы Ұлыбритания да сіздермен білім, технология алыс-берісті кеңейту үшін серіктес болуға мүдделі екенін жеткізгім келеді.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Айта кетейік, бұл Дэвид Кэмеронның Қазақстанға алғашқы сапары емес. Бұған дейін ол Ұлыбританияның Премьер-министрі ретінде 2013 жылы келген еді. 11 жыл бұрын мемлекет басшылары арадағы ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойған. Дегенмен, Кэмеронның бұл жолғы сапарының жөні бөлек. Еуропалық Одақ құрамынан шыққаннан кейін Лондон әлем елдерімен байланысын барынша нығайтуға күш салғаны белгілі. Әсіресе, Орталық Азиямен арадағы қатынасқа ерекше мән беріп отыр. Дэвид Кэмеронның аймақтағы кей елдерге алғаш сапар шегуі осының айғағы. Ал Қазақстан әлгінде айтылған бағыттардан бөлек, сирек металл өндірісі және цифрландыру саласы тұрғысынан Тұманды Альбион үшін тартымды серіктес.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Арман Ақшабаев