Боржоми қазақстандық балаларды қонаққа шақырады
Грузияның Боржоми қаласы біздің елдегі табиғи апаттан зардап шеккен отбасылардың балаларына тосын сый әзірледі.
Жергілікті курорттар қазақстандық оқушыларды оңалту курсынан өтіп, ұмытылмас демалыс өткізуге шақырып отыр.
Әсем таулар, ну орман мен табиғи минералды сулар. Елімізде тасқыннан зардап шеккен балаларды гүржі елінің тұмса табиғаты күтіп тұр. Танымал курорттар қазақстандық балаларды қонаққа шақыруда.
Отар Арболишвили, Боржоми қаласының мэрі:
- Қазақстанда осындай қайғылы жағдай болып жатқаны өте өкінішті. Біз оны ауыр қабылдадық. Былтыр ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достығымызды одан әрі нығайтатын құжатты бекіткен едік. Соған сай қол ұшымызды созуға дайынбыз. Атап айтқанда, балаларды оңалту бағдарламасынан өткізуді ұсынып отырмыз. Жоспарымыз - табиғи апаттан зардап шеккен балаларды осында әкеліп, көңілдерін аулап, қаламызды көрсету.
Боржоми билігі шаһарға қазақстандық 20 баланы шақырып отыр. 10 күнге созылатын демалысқа балалар мен оларды алып жүрушілер ұшақ арқылы алдымен Кутаиси қаласына аттанады. Кейін автобуспен шипажайға бет алады.
Лана Гиоргидзе, Боржоми қаласы мәдениет бөлімінің жастар ісі жөніндегі маманы:
- Өздеріңіз білетіндей, Боржоми курорттық қала саналады. Сондықтан кішкентай қонақтарымызға керемет бағдарлама әзірлеп қойдық. Оларды түрлі экскурсиялар мен турлар күтіп тұр.
Жас меймандар минералды суға толы хауыздарға шомылып, көне шіркеулер мен сарайларға сапар шегеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, демалыс балалардың көңілінен шығуы үшін барын салуға дайын.
Шалва Гоголадзе, Боржоми қаласы мәдениет бөлімінің жетекшісі:
- Қонақтарымызды мәдениетімізбен барынша таныстырғымыз келеді. Себебі өскелең ұрпаққа рухани құндылықтарды сіңіріп, озық білім беру – өте маңызды міндет. Түрлі экскурсиялар мен білім жағынан дамуға қатысты бағдарламалар ұйымдастыруымыз да сондықтан.
Бұдан бөлек, шипажайда балаларға психологиялық тұрғыдан көмек көрсету жағы да ойластырылған. Гүржі тарапы жеткіншектерімізді асыға күтіп жүргендерін айтады.
Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили