Әлемдік туризмнің картасы өзгереді
Әлемдегі климаттың өзгеруі өмірдің барлық саласына әсер етіп жатыр.
Түрленген күн райы 2100-жылға қарай бірқатар елдегі шарықтап тұрған туризмді тоқырауға әкелетін сияқты. Мұндай теріс болжамды АҚШ-тағы Массачусетс технологиялық институтының ғалымдары жасады.
Басты жаңалық - демалуға қолайлы күндердің көбеюі немесе азаюына байланысты болып тұр. Осыған орай туристер үшін танымал кейбір елдер назардан тыс қалып, керісінше қазір адамдар аса барғысы келмейтін аймақтар тартымды болуы мүмкін.
Иә, ғаламдық туризмнің картасы өзгергелі жатыр. Алдағы 75 жылдың ішінде әлем дәл қазіргідей болмайды. Бұл менің емес, мәселені терең әрі сан қырынан зерттеп жүрген ғалымдардың болжамы. Туризм үшін әлбетте шуақты күндердің көп болғаны жақсы. Ал азайса, саяхаттың мәні кетеді.
Әуелі зерттеудің жағымсыз жағын айтайық. Туристер үшін өте тартымды мемлекеттерде тынығу үшін қолайлы күндердің саны қысқармақ. Неше күн екені кестеде тұр. Біз өзімізге, қазақтарға қатысты елдерді атап өтейік. Мысырда 86, Біріккен Араб Әмірліктерінде 85, АҚШ-тың батысындағы Калифорния штатында 68, Таиландта 55, Грекияда 37, Испанияда 13, Түркияда 11, ал Италияда 7 күн қатты ыстық болуы мүмкін. Әрине ми қайнатқан аптап, қапырық кезде кімнің демалғысы келеді дейсіз?!
Ал енді жақсы жаңалыққа қонақ берейік. Ылғал мол болғандықтан "Тұманды Альбион" деп аталып кеткен Ұлыбританияда демалуға қолайлы күндердің саны 60-қа көбейеді. Мұндай мамыражай мезгіл Австрияда 52, Германияда 25, Францияда 18 күнге ұлғаяды деген жорамал бар.
Яғни жер шарының күнгейі - Оңтүстік Еуропа, Жерорта теңізі жақ туризм үшін қолайсыз, ал әлемнің теріскейі керісінше демалуға жайлы мекенге айналмақ.
Демалысқа қолайлы күндер көбейеді
Цитата
«Кейбір туристік елдердегі далада өткізуге болатын қолайлы күндердің саны қысқарады. Осылайша бүкіл әлемдегі адамдар климаттың қаншалықты қатты өзгергенін және оның күнделікті өмірге қалай терең әсер ететін сезінбек».
Әл-Фатих Әл-Тахир, зерттеу жетекшісі, Массачусетс технологиялық институтының профессоры
Венецияға ақы төлеп кіресіз
Ал әлемге әйгілі Венеция туристер санын керісінше қолдан шектеп жатыр. Су үстінде қалқып тұрған қалаға кіру бұдан былай ақылы. Қалтаңызда 5 еуроңыз болмаса, Венецияға кіре алмайсыз. Бұл шектеу 14-шілдеге дейін күшінде болады. Саяхатшы телефонына арнайы белгіленген QR-кодты көшіріп алып, тексерушіге көрсетуге міндетті. Тиісті жарнаны төлемегендер 50 еуродан 300 еуроға дейін айыппұл төлеп, жазаланбақ. Жаңалықты жұрт әртүрлі қабылдап жатыр.
Никола Уссарди, жергілікті тұрғын:
- Қала әкімшілігі туристер жарнасынан түскен ақшаның әрі қарай қайда жұмсалатынын дұрыстап түсіндіруге тиіс. Мысалы, қалада қаңырап бос тұрған ескі күйлер өте көп. Соларды тез арада жөндеу керек. Ал ақшаның есебі болмай, қайда жұмсалғаны белгісіз болса, онда туристерден бұлай ақы алғанды тоқтату қажет.
Давид Мело, Мексикалық турист:
- Туристерден алынған ақшаны көпірлер мен каналдарды жөндеуге жұмсаған жөн. Өйткені олар әбден ескірген. Әрине бұл бір күнге келіп-кететін туристер үшін жаман жаңалық болды, олардың онсыз да ақшасы аз, көп болса, Венецияда бір немесе бірнеше күнге қалып, түнгі қаланы тамашалап, асықпай жатпай ма?!
Салық не үшін енгізілді деген заңды сұрақ туады. ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Венецияда 50 мың адам тұрады. Ал жыл сайын мұнда 30 миллион турист келеді. Ресми есеп бойынша, келушілердің 60 пайызы қалаға таңертең кіріп, кешке шығып кетеді екен. Сондықтан олар қонақ үй жалдамайды, тамақты көп ішпейді, қысқасы, жергілікті бюджетке көп ақша тастамайды. Бұл экономика үшін тиімсіз. Керісінше, қалада кептеліс тудырып, ауаны ластап, жергілікті тұрғындарды басқа жаққа кетуге мәжбүрлейді.
Луиджи Бруньяро, Венеция мэрі:
- Біздің мақсатымыз - Венециядағы өмірді жақсарту. Әлемде 7 миллиард адам болса, солардың әрқайсысы біздің романтикалық қалада тым құрығанда бір рет болсам ғой деп армандайды. Ал бұл арман нақты іске асқан кезде біз үшін үлкен мәселелер туындайды.
Канар аралдары туристерге қарсы
Кейбір мемлекеттер жеріне турист келтіре алмай отырса, Испанияның атақты Канар аралдары керісінше саяхатшымен санасып әлек. Аймақтың ең ірі қаласы Тенерифеде мыңдаған адам шеруге шықты.
Наразы топтың талабы - үкімет туристер санын шектеуге тиіс. Өйткені сырттан қонақ келген сайын тұрғын үйді жалдау бағасы аспандайды. Бұл жергілікті халық үшін тиімсіз. Туризм Канар аралдарының жалпы ішкі өнімінің 35 пайызын құрайды. Бірақ саяхатшылар қоршаған ортаны бүлдіріп, инфрақұрылымды құртып жатыр дейді тұрғындар. Тіпті ереуілшілердің 6-уы қарсылық ретінде аштық жариялаған. 2 миллион 200 мың халқы бар Канар аралдарына былтыр шамамен 14 миллион турист келіпті. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 13 пайызға жоғары.
Десе де, туризм - әлемдік экономиканың ажырағысыз және аса маңызды бөлігі. Бұл саланың коронавирус індеті кезінде тұралап қалғаны рас. Бірақ Дүниежүзілік туризм ұйымы биылғы жылдың аяғына қарай ғаламдық саяхат толық жанданып, пандемияға дейінгі қалпына қайта келеді деп есептейді. Көктемнің соңғы айы да келіп қалды. Алда бізді жадырап жаз күтіп тұр. Нағыз қыдыратын мезгіл. Бұған туристік елдер қызу дайындық үстінде.