АҚШ тұрғындары торнадодан зардап шекті
АҚШ-тың Небраска және Айова штаттарында 2 тәулікте қатты торнадо жүріп өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Омаха қаласында жүздеген үй қирап, 20 шақты адам жарақатпен ауруханаға түскен. Ал Линкольн қаласында өндірістік ғимарат құлады. Ішінде 70 адам болған.
486 мың халқы бар Омаха қаласының шеткі аудандарында жүріп өткен торнадоның қуаты 5 балдық жүйе бойынша үшінші деңгейлі, яғни дүлей дауыл ретінде бағаланып отыр. Салдарынан 10 000-ға жуық тұтынушы электр қуатынсыз қалған.
Пэт Вудс, Омаха тұрғыны:
- Біз торнадо келе жатқанын осы жерден 200 м-ге жетпейтін қашықтықта көрдік. Дереу жасырынатын жер іздедік, бірақ жанымыздан құйындатып өткенін естідік. Ал қайтып келгенімізде біздің қаша орнында жоқ. Солтүстік батысқа қарап едік, бүкіл аудан тып-типыл.
Ұлттық метеорологиялық қызметтің мәліметінше, Омахадағы желдің жылдамдығы сағатына 265 шақырымға жеткен. Қатты дауылдан үйлер мен автокөліктер қирап, ағаштар сынған. Тұрғындар жылдар бойы жинаған дүние-мүліктері мен баспаналарынан бір сәтте айырылды. Бүгінде Омахалықтар үйінділерді тазалап жүр.
Стейси Роу, Омаха тұрғыны:
- Бұл өте қорқынышты және өкінішті. Осы үйімізге 2 жыл бұрын ғана көшіп келіп едік. Қартайғанға дейін тұратын үйіміз болады деп жүргенбіз. Әуежайдан келсек, үйіміздің тас-талқаны шығыпты.
Джеймс Стеннис, Омаха тұрғыны:
- Біз үйіміздің жертөлесіне жасырындық, содан кейін баспалдақпен жоғарыға көтерілдік. Сөйтсек, үйімізді ұшырып алып кетіпті.
Айова штатының Минден округына соққан торнадолардан елді мекеннің жартысына жуық тұрғын үйлері қираған. 4 адам жараланған. Ұлттық метеорологиялық агенттіктің болжамы бойынша бірқатар штатта әлі де қатты торнадолар болуы ықтимал.
Авторы: Айжан Сыдықова.