Әлемде моноқалалар саны артып келеді
Оған көбіне тау-кен, металлургия сияқты салалардың дамуы себеп.
Қазіргі таңда жер шарында 5 мың мен 10 мыңның арасында моноқала бар екен. Мысалы, Германияның Вольфсбург шаһары Фольксфаген көлігінің отаны ретінде жақсы таныс. Ал Якутск шаһарының тарихы гаухар тасын өндірумен тығыз байланысты.
Дүниежүзінде моноқалаларды салу өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары қарқын алған. Олар бұрынғы Кеңес Одағынан бөлек көбіне алпауыт елдерде бой көтерген. Қазір бұл мемлекеттерде мұндай шаһарларды жаңғырту, дамытуға көп мән беріледі. Мысалы, Қытайда тау-кен, болат, тоқыма және электроника өндірісі жақсы дамыған.
Әлемде моноқалалар саны бойынша алғашқы үштікке Қытай, Үндістан, АҚШ кіреді. Қытайда 2 мыңнан астам өндірістік шағын қала бар. Ал Үндістанда олардың қарасы 1 мыңға жуықтайды. Олар болат, тоқыма, химия өндірісі, машина жасау ісіне маманданған. АҚШ-та да мұндай шаһарлық көп. «Болат қала» аталып кеткен Гари шаһары осы елдің Индиана штатында, "General Motors" компаниясының өндіріс ошағы атанған Флинт қаласы Мичиганда орналасқан. Жалпы ресми Құрама Штаттарда 500-ден аса моноқала бой көтерген. Ресей, Жапония, Бразилия, Оңтүстік Африка және Австралия елдерінде де бір өнеркәсіп негізінде дамыған шаһарлар жетерлік. Ірі сауда, туризм және қаржы орталығы саналатын Дубай мен Сингапур да моноқала тізіміне кіреді.
Кируна моноқалаға айнала ма?
Жуырда Швецияда жетекші тау-кен компаниясының мамандары электромобиль мен жел турбиналарын өндіруге қажетті сирек кездесетін металлдың кенішін ашты. Пайдалы қазба Кируна шағын қаласы маңынан табылды. Ол арнайы магниттерді өндіру үшін пайдаланылады. Сарапшылар бұл шаһардың моноқалаға айналуына әкелуі мүмкін деп отыр. Қазірдің өзінде бірқатар бірлестіктер кенді игеруді қолға ала бастаған.
Ян Монстром, LKAB компаниясының бас директоры:
- Бұл әлемнің ең ірі кен орны. Ол жасыл экономикаға көшуді қамтамасыз ету мақсатында аса маңызды шикізатты өндіру үшін қажет. Біз қазір осы кен орынын игеру үшін қомақты қаражат құйдық. Бірақ учаскені барлау жұмыстары көп жылдарға созылуы мүмкін. Өндірісті жолға қою үшін 10-15 жыл кететін шығар.
Қытай - шұлық өндірісінің отаны
Әлемде моноқалаларды тұрақты дамыту, олардың экономикасын әртараптандыру бойынша Қытай елінің тәжірибесі мол. Мысалы, скрипкалардың 80%-ы, микротолқынды пештердің жартысына жуығы Қытайдың шағын қалаларында жасалады. Ал шұлық өндірісінің отаны атанған Датанг шаһары әлемді жаулап үлгерген. Бұл қалада өндірілетін шұлықтар күллі Еуропа мен Азия, Солтүстік Американың 200-ден астам еліне экспортталады. Қазір мұнда 10 мың кәсіпорын шұлық өндірумен айналысады. 200 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жылдық шұлық өндірісі 22 млрд жұптан асады, яғни бұл әлемдік көрсеткіштің 35 пайызын құрайды.