Қытай 5G технологияны 71 бағытта қолданады
Коронавирус пандемиясы цифрлық технологиялардың қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Әсіресе мұны әлем елдері жақсы түсініп, мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға ден қоя бастады. Озық технологияларды дамыту жағынан Азия елдері көш бастап тұр. Цифрландыру бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізген мемлекеттердің қатарында Қазақстан да бар.
Кейінгі жылдары цифрландыру бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізген елдің бірі Қытай. Ол экономиканың басты бағытының біріне айналған. Әсіресе телекоммуникация және Ай-Ти инфрақұрылымдарын дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. Соның бір мысалы 5 Джи мобильді байланысы. 2022 жылы шығысымыздағы көрші елде мұндай станциялардың саны 2 миллион 300 мыңдай болса, қазір 3 жарым миллионнан асады. Бүгінде 5 Джи технологиялары Қытай экономикасының 71 бағытында қолданылып келеді. Ал 2030-жылға таман 6 Джи байланысын енгізу көзделіп отыр.
"Цифрлық Үндістан" жобасының жетістіктері
2015 жылы үнді елінде "Цифрлық Үндістан" бағдарламасы іске қосылды. Оның мақсаты - тұрғындар үшін мемлекеттік қызмет түрлерін қолжетімді ету. Бұл бағыттағы үздік жобалардың бірі - цифрлық жеке куәлік және биометриялық сәйкестендіру жүйесі. Соның көмегімен тұрғындар үшін несие, мемлекеттік субсидия секілді қызмет түрлері қолжетімді бола түскен. Жүйе қағазбастылық пен алаяқтықты азайтуға септігін тигізді. Бұдан бөлек Үндістанда цифрлық бастамалар Денсаулық сақтау саласында кеңінен қолданылуда. Мысалы, ЭйБиДиЭм жүйесін енгізу нәтижесінде қазір науқастар дәрігерге Кью-Ар код арқылы жазылып, медициналық карталарын кез келген уақытта ала алады.
Цифрлық оқулықтар қолданылады
Оңтүстік Корея
YOUTUBE.COM/ARIRANG NEWS
Ал Оңтүстік Кореяда келер жылдан бастап білім беру мекемелерінде цифрлық оқулықтар енгізіледі. Сабақ оқытуда виртуалды шындық пен жасанды интеллект пайдаланылатын болады. Қазір мұғалімдерді қайта даярлау жұмыстары жүріп жатыр. Мұндай тәжірибе Ұлыбритания, Германия, Жапония секілді елдерде кеңінен қолданылады. Жалпы Оңтүстік Корея цифрландыру бойынша үздіктердің қатарына кіреді. 2022 жылы таңғы шық елі үкімет пен мемлекеттік қызметтерді цифрландыру рейтингісінде бірінші орында болды. Сол жылы Қазақстан электронды үкіметті дамыту индексі бойынша ТМД және Орталық Азия елдері ішінде ең үздік нәтиже көрсеткен. Еліміз келер жылы 200-ге жуық мемлекет арасында ең үздік жиырмалыққа кіруді мақсат етіп отыр.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева