Микрочип өндіруде бәсеке қыза түспек

Микрочип өндірісіндегі бәсеке одан сайын қыза түспек.

Жуырда Американың Интел компаниясы 28 миллиард долларға жартылай өткізгіштер шығаратын зауыт салатынын жариялады. Соның арқасында саладағы ірі «ойыншыға» айналуды көздеп отыр. Қытай да қарап қалмай, чип өндірісін дамытудың жаңа бағдарламасын іске қосты. Яғни бұдан былай отандық өнімді пайдаланған компанияларға жеңілдік жасалады. Мұндағы мақсат не?

Жалпы жоғары технология саласы бүгінде елдің экономикалық дамуына, ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін сала. Сондықтан да аталған мемлекеттер бір-бірін осы нарықтан шеттетуге барынша тырысып бағуда. Толығырақ бірер секундтан соң. 

Микрочип өндірісі: Әлемдік бәсеке

Бұрындары адамзат баласы қымбат металлдар үшін соғысқан еді. Кейін талас көмірсутекке жүрді. Ал 21 ғасырда геоэкономикалық тартыс микрочиптер төңірегінде болатын түрі бар. Себебі бүгінгі заманда өмір мен тұрмыста қолданылатын құрылғылардың бәрі дерлік дәл осы микрочиптерден қол үзе алмайды. 30 жыл бұрын ғана бұл нарықты толығымен АҚШ пен Еуропа басқарған еді. Әлемдегі үлесі сол кезде 80 пайыз болатын. Ал қазір жағдай мүлдем басқа. Микросхемалардың дені Азия елдерінде шығарылады. Бұл жылдар бойы чип өндірісіне құйылған инвестицияның нәтижесі. Бір ғана Қытайдың өзі осы уақытқа дейін миллиардтаған доллар қаржы жұмсады. Соның арқасында экономикасы  ғана емес, әскери әлеуеті жағынан да әлемдік державаға айналды. Сөзімізге дәлел болсын. Сәуірде қытайлық компания миға орнатылатын чипті таныстырды. Осыған ұқсас технологияны былтыр Илон Масктың компаниясы да жасап шығарған еді.  

Дэвид Пол Голдман, экономист:

- Қытайда білікті маман өте көп. Инженерлер саны жағынан көш бастап тұр. Соның арқасында жартылай өткізгіштер өндірісі мен басқа да салалардың қарыштап дамуы қатты байқалады.   

Мұндай жағдай АҚШ пен Еуроодақ елдерінің шымбайына батса керек. Қытайды даму құқығынан айырып, өзінің гегемониясы мен жеке мүддесін қорғауға барынша әрекет етіп жатыр. Ақ үй басшысы Қытайға микросхемалар мен олардың өндірісіне қажетті құрылғыларды экспортnауға шектеу қойды. Микрочиптер сияқты маңызды технологияларға инвестиция құюға да тыйым салды. 

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Біраз жыл бұрын чип өндірісі толығымен Азияға көшірілген болатын. Араға 40 жыл салып бұл өндірісті қайтадан Америкаға қайтарып жатырмыз. Өйткені ол бүгінгі экономиканың тірегі.

Джо Байден «Чиптер мен ғылым туралы» заң нормасының аясында микросхема өндірісін ынталандыруға жеңілдіктер жасап, инвестиция құйғызуды ұйғарды. Ол үшін 280 миллиард доллар бөлінді. Бұдан бөлек, жартылай өткізгіш шығарумен айналысатын зауыттар 4 жылға салықтан босатылады. Жапония чип өндірісін ұлғайту үшін 13 миллиард бөлмек. Ресей болса, электронды технология өнеркәсібіне шамамен 30 миллиард доллар қаржы құюды көздейді. Ал Еуроодақ аталған салаға 46 миллиард доллар бағыттамақ. 

Youtube.com/Euronews

Дан Ника, Еуропарламент депутаты:

- Мұндағы мақсат - серіктестеріміз тығыз жұмыс істеп, Еуроодақ елдерін жергілікті кәсіпорындар шығарған чиптермен қамтамасыз ету.  

Микрочип өндірісі: Әлемдік бәсеке

Қытай

Қалай дегенмен қазір Қытайдың бәсі мықты. Технологиялық өндіріс тұрғысынан АҚШ-ты әлдеқашан басып озған. Чипке қажетті германий мен галлийдің 60 пайызы осы елде өндіріледі. Соған қарамастан, Қытай бұл істе қол қусырып отырмай, отандық чип өндірісін одан әрі дамытудың жаңа бағдарламасын іске қосты. Соның аясында  Гуанчжоу бастапқы қаржыландыру ретінде салаға 30 миллиард доллар құйса, Бейжің субсидия мен салықтық жеңілдік ретінде 143 миллиард доллар дайындады. Сарапшылардың айтуынша, Қытайозық технологиялар саласында көш бастаса, экономикалық тұрғыдан басымдыққа ие болады. Сондықтан да Вашингтон мен Бейжің арасындағы бәсекелестік ұзаққа дейін созылады дейді мамандар.