Хакерлер Британия қорғаныс министрлігіне шабуыл жасады

Хакерлер Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің серверін бұзды.

Британ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қаскөйлердің Қытай билігімен байланысы бар екендігін айтады. Ал ресми Бейжің айыптауларды негізсіз деп мәлімдеді.

Хакерлер Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері мен кейбір ардагерлері туралы жеке деректерді қолды қылғысы келген. Сарапшылардың пікірінше, қылмыскерлер осы арқылы жалақысы мен зейнетақысы төмен азаматтарға ақша ұсынып, құпия ақпарат алуға ниеттенген болуы мүмкін.  Үкіметтегілер кибершабуылдарға қай елдің қатысы бар екенін ашып айтпай отыр.

Грант Шаппс, Ұлыбританияның Қорғаныс министрі:

- Соңғы күндері Қорғаныс министрлігі белгісіз хакерлердің Қарулы күштердің төлем жүйесінің бір бөлігіне қол жеткізуге тырысқанын анықтады. Ол министрлікетен толығымен бөлінген сыртқы жүйе. Оны бөлек мекеме басқарады. Хакерлер осы бірлестік жұмысындағы кемшіліктерді пайдаланбақ болса керек.

Британ бұқаралық ақпарат құралдары сенімді дерек көздеріне сүйеніп, кибершабуылдарды Қытай жасады деп жарыса жазуда. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Бұған дейін осы елге қатысы бар хакерлер Ұлыбритания сайлау комиссиясының серверлерін бұзғаны белгілі. Оларға миллиондаған сайлаушының жеке дерегін жымқырып, депутаттарды аңдыды деген айып тағылды. Халық қалаулыларының пікірінше, Бейжің шамамен қырық миллион сайлаушының жеке дерегін ұрлаған. Осыған байланысты Лондон Қытай азаматтарына қарсы санкциялар жариялады. 

Сарапшылардың пікірінше бұл Британ билігінің шыдамы таусылғанын көрсетеді. Жақында өткен жылы Қытайдың пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталған екі Британ азаматы сот алдында жауап бере бастады.

Дэн Ломас, Ноттингем Университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі маманы

- 10 жыл бұрын Британ-Қытай қарым-қатынасының “алтын дәуірі” жарияланған еді. Алпауыт мемлекет корольдіктің ең ірі экономикалық инвесторы, мінсіз сауда серіктесі ретінде қарастырылды. Бейжің сенімге кіріп алып, өз ықпалын жүргізгісі келгенін қазір байқап отырмыз. Еуропа елдері сол қауіпті сезіне бастағандай.

Қытай

Қытай тарапы болса айыптауларды ақылға сыйымсыз деп мәлімдеді. Ресми Бейжің өз елінің кибершабуылдардың кез-келген түріне үзілді-кесілді қарсы және онымен ымырасыз күрес жүргізіп келеді дегенді айтады.

Лин Цзянь, Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Қытайдың Ұлыбританияның ішкі жұмыстарына араласатындай қызығушылығы да, қажеттілігі де жоқ. Біз Ұлыбританиядағы партиялардан жалған ақпараттар таратып, Бейжіңге қарсы саяси шабуыл жасауды тоқтатуға шақырамыз.

Қазір Қытай басшысы Еуропа мемлекеттерін аралап жүр. Жақында Си Цзиньпин Парижде Франция президенті Эммануэль Макронмен кездесті. Бірақ саясаткердің Ұлыбританияға ресми іссапары жоспарланбаған.

Ғалымжан Қараманұлы