Жүгері мен кофенің әлемдік бағасы өсті
Жүгерінің әлемдік бағасы өсті. Кофе мен какао да қымбаттап барады.
Сарапшылар: «мұның негізгі себебі – климаттың өзгеруі», – дейді. Өйткені биыл қыс тым жылы болды. Ал кейбір елдерде аптап ыстық соңы қуаңшылыққа ұласып, өнімнің біраз бөлігі бүлінген.
Жүгері бағасы өсті
Жүгерінің әлемдік бағасы өсіп жатыр. Оған ірі экспортаушы елдердегі жағдай себеп. Бразилияны су басып, біраз өнім бүлінген. Алғашқы үштікке кіретін Аргентинада зиянкестер көбейген. Олар алқаптарға түсіп, түгін қалдырмай кеміріп жатыр. Салдарынан 10 миллион тонна жүгері жарамсыз боп қалды. Сарапшылар: «бұл жаһандық жылынумен байланысты болуы мүмкін», – дейді. Өйткені биыл қыс ерекше жылы болды. Содан әдетте елдің солтүстігінде ғана пайда болатын зиянкестер өзге өңірлерде де кенеттен қаптап кеткен. Бұл аздай Аргентинада ереуілдер де басылмай тұр. Соның салдарынан кемежайлар жабылып, астық тасымалы қиындаған.
Кофе қымбаттады
Кофенің де әлемдік бағасы шарықтап кетті. Робуста сұрпының құны кейінгі 45 жылда болмаған межеге жеткен. Оған ірі өндіруші Вьетнамдағы күннің ыстығы мен қуаңшылық себеп. Мұнда 2 маусым қатарынан осындай жағдай байқалып отыр. Содан өнім көлемі 20%-ке азайған. Сөйтіп, сәуірде кофенің бір келісі 4,5 долларға жуықтады. Ауа райының қолайсыздығынан бөлек, бағаның өсуіне геосаяси ахуал да әсер ерткен. Себебі Таяу Шығыстағы шиеленістен логистика жағы қиындаған.
Какао тағы қымбаттады
Какао да қымбаттап барады. Оған климаттың өзгеруі себеп, – дейді сарапшылар. Өйткені Батыс Африкада орналасқан ірі өндіруші елдерді осымен үшінші жыл қатарынан қуаңшылық қыспаққа алып отыр. Содан өнім көлемі азайған. Өткен айда какаоның бір тоннасы 12 мыңдай долларға сатылған. Артынша арзандағанымен, баға әлі де жоғары. Мұның бәрі шоколад құнына әсер етпей қоймайды. Мысалы, Ресейде сарапшылар оның 20%-ке дейін қымбаттайтынын ескертіп отыр.