Грекия орман өртімен күрес әдістерін жетілдірді

Аузы күйген үрлеп ішеді.

Былтыр орман өртінен опық жеген Грекия билігі бұл жолғы маусымға дайындық деңгейін көтерді.

Биыл қыс ерекше жылы болды. Өрт маусымы әдетте 1 мамырда басталатын. Бірақ наурыздан бері күн ыстық боп тұр. Сондықтан орман өрті әдеттегіден ерте тіркеліп жатыр. Бірақ билік былтырғы жағдай қайталанбайтынын айтады. Өйткені табиғат апаттарына әрекет ету бойынша жаңа бағдарлама іске қосылды. Оған 2 миллиард еуро бөлінген. Бұл ақшаға жаңа ұшақтар, дрондар мен көліктерге тапсырыс берілді. Оқу орталықтары жабдықталды. Жасанды интеллект негізінде сенсорлық жүйе құрылды. Отпен күрес әдістері де жетілдірілуде. Өрт сөндіру бөлімшелерінің саны 6-дан 16-ға дейін артты. Ұшақтар бұрынғыдай жердегі бөлімшелерден хабар күтпей бірден өрт шыққан жерге аттана береді.

Василис Кикилиас, Грекияның климаттың өзгеруі және азаматтық қорғаныс сұрақтары жөніндегі министрі:

- Биылғы өрт маусымы қиын болғалы тұр. Бұл климаттың өзгеруінің салдары. Қыста қар аз жауды. Қуаңшылық мәселесі ушығып барады. Былтыр да осылай болған. Өткеннен сабақ алып, бұрынғы қателерді қайталамауымыз керек. Сондықтан отпен күрес шараларын жетілдіріп, кейбір әдістерді өзгерттік.

Димитрис Прифтис, өрт сөндіруші:

- Бұрындары өртпен күрестегі ең басты құрал - суды көбірек қолдану еді. Қазір олай емес. Қазір ғылыми әдістерге көбірек көңіл бөлінеді. Мысалы, желдің жылдамыдығын, ауаның ылғалдылығын зерттеуге ерекше мән береміз.