Мемлекеттік сатып алу: әр елдің жүйесінде ерекшелік бар

Мемлекеттік сатып алу компаниялар үшін игерілмеген нарыққа жол ашады.

БҰҰ сарапшылары осылай дейді. Бұл салада әр мемлекеттің жүйесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, Қытай билігі отандық өнімді таңдауға міндеттейді. Германияда ұсыныстың экологиялық тиімділігіне көбірек көңіл бөледі.

Осы саладағы шет мемлекеттердің тәжірибесіндегі тағы қандай өзгешеліктерді айтуға болады?

Мысалы, Ұлыбританияда байқаудан өтпей қалған қатысушылармен «қатемен жұмыс» жүргізіледі.

Инновацияларға басымдық беріледі

Әлемде мемлекеттік сатып алу бойынша АҚШ жүйесі ең озық саналады. Бірақ әлемнің бірінші экономикасы мұндай жетістікке бірден жетпеген. Оған ондаған жыл уақыт кеткен. Қазір бұл елде мемлекеттік сатып алуға бөлінетін қаржы 500 миллиард доллардан асады. Оған 160 мыңнан аса коммерциялық ұйым қатысады. Онымен еңбекке жарамды тұрғындардың 12,5%-і айналысады. Денсаулық сақтау, білім беру, энергетика, экология және көлік саласында алдымен инновациялық жобаларды сатып алуға басымдық беріледі. Бұдан бөлек, шағын бизнес пен әйелдер басқаратын кәсіпорындарға және түзету мекемелерінде өндірілетін тауарларға көңіл бөлінеді. Америкалық жүйенің тағы бір ерекшелігі – ашықтық. Кәсіпкерлер тапсырыс пен оның нәтижесі туралы ақпараттың барлығын жария етуге келісу керек.

 

Экологиялық тиімділік басты назарда

Еуропаның ең ірі экономикасы Германияда да мемлекеттік сатып алу нарығы жақсы дамыған. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 15%. Мұнда жемқорлықты болдырмас үшін арнайы жауапты тәуелсіз шенеуніктер тағайындалады. Неміс еліндегі жүйенің тағы бір ерекшелігі, ең төмен баға ұсынған компания тендерді жеңіп алады деп айтуға болмайды. Мұнда «ESG» деп аталатын бағалау жүйесі қарастырылған. Ол бойынша экология, әлеуметтік саясат және корпоративтік басқару басты назарға алынады. Яғни, байқау кезінде бірнеше компания бірдей баға ұсынса, қоршаған ортаға зияны аз кәсіпорынға басымдық беріледі.

 

Тендер созбалаңға салынады

Ал Ұлыбританияда мемлекеттік сатып алу ұзақ рәсімделетінімен ерекшеленеді. Аймақтағы өзге мемлекеттермен салыстырғанда Корольдікте ол 53 күнге созылады. Мұнда ұлттық компанияларға басымдық беріледі. Ал қатысушылардың ұсынған бағасы коммерциялық құпияға жатқызылады. Тендерлік байқаудан өтпей қалған бірлестіктермен комиссия өкілдері міндетті түрде хабарласып, жеңімпаздың қандай талап бойынша таңдалғанын түсіндіреді. Ұсыныстарының кемшін тұстары туралы да айтады.

 

Отандық өнімге басымдық беріледі

Ал Қытайда мемлекеттік сатып алуда үкіметтік мекемелер мен заңды тұлғалар отандық тауар мен қызметті таңдауға міндетті. Бірақ олардың ұсынатын бағасының импорттық тауар құнынан айырмасы 20%-тен аспау керек. Мұндағы мақсат – отандық өндірісті дамытуда шетелдік ресурс пен капиталға тәуелділікті болдырмау.ф