Су тасқыны: Уругвайда 5 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді

Уругвайда тасқынға байланысты тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр.

Өйткені өзен деңгейі қауіпті межеден асып кеткен. Билік өкілдері таратқан ақпар бойынша осы уақытқа дейін 5 мыңнан аса азамат көшіріліп, уақытша баспаналарға орналастырылған. Қазір елдің солтүстігі мен шығысында электр қуаты жоқ. Табиғи апаттан қанша адамның зардап шеккені әзірге белгісіз.

Сезар Итуррия, жергілікті тұрғын:

- Толассыз жаңбырдан тасқын жүрді. Осы жерде өмір сүріп келе жатқаныма жарты ғасырдан асты. Осы уақыт ішінде 60-тан астам су тасқынының куәсі болдым. Жыл өткен сайын олардың қарқыны күшейе түсіп отыр.

 

Тасқыннан қаза тапқандар саны артты

Ал Индонезияның Суматра аралында болған тасқын мен лай көшкінінен қаза тапқандар саны 58-ге жетті. 35 адам жарақат алған. 22 тұрғын хабар-ошарсыз кеткен. Қазір апат аймағында іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Аймақта 300-ге жуық үй қирап, егістік алқаптары мен жолдар бүлінді. 3 мыңнан аса адамның үйлерін тастап, қауіпсіз жерге көшуіне тура келді.