Google іздеу жүйесін жаңартты
Бұдан былай Google-дан ақпарат іздеу әлдеқайда жылдам әрі жеңіл болады.
Компания мамандары іздеу жүйесінде жасанды интеллектінің бірнеше функциясын енгізді. Ол іздеушілерге қажетті ақпаратты аудио және бейнежазба арқылы табуға мүмкіндік береді. Жаңартылған жүйенің артықшылығы мен кемшілігі жайлы айтсақ.
Google іздеу жүйесінде өзгеріс енгізбес бұрын жасанды интеллектінің шолуларын сынап көрді. Енді жаңартылған нұсқаны жыл соңына дейін 1 млрд-тан астам пайдаланушы қолдана алады. Оның артықшылығы сол мағлұмат іздеушілер ақпаратты бұрынғыдай жазбаша емес, дауыс, бейне арқылы жылдам таба алады.
Сундар Пичай, Google бас директоры:
- Адамдар іздеу жүйесіне ұзыннан ұзақ сұрақ қойып, фотосуреттерін салса да, Google қажетті әрі ең сапалы ақпаратты бірден тауып береді. Жаңартылған жүйе осы аптада АҚШ-та толық іске қосылады. Жақын арада басқа елдерде де енгізіледі.
Жүйедегі өзгерістің тиімсіз тұсы да бар. Жасанды интеллект шолулары авторлық құқықпен қорғалған материалдарды заңсыз пайдалануы мүмкін. Сондай-ақ веб-сайттардың қаралым санын азайтып, жарнама табысын төмендетіп жіберуі мүмкін деген күдік те бар.
Джеймс Маньяка, Google технология, қоғам және зерттеу жөніндегі аға вице-президенті:
- Бұл жүйе адамдарға күнделікті міндеттерінен шығармашылық бастамаларына дейін көмектесе алады. Бірақ кез келген жаңа технология сияқты әлі де жетілдіруді қажет етеді. Туындаған мәселелерді дер кезінде қарастырып, шешіп отыруға күш саламыз. Өз тәжірибемізден сабақ алып, қоғам үшін барынша пайдамызды тигізуге тырысамыз.
Былтыр Google 175 млрд доллар көлемінде табыс тауып, кіріс көзін ұлғайтты. Егер іздеу жүйесі веб сайттардың жарнама тиімділігіне нұқсан келтірсе, тапқан табысынан айырылып қалуы мүмкін. Бірақ компания басшылығы алаңдауға еш негіз жоқ дейді.
Сундар Пичай, Google бас директоры:
- Мұның бәрі жасанды интеллектіні көпшілікке пайдалы ету үшін қабылданған батыл шешім. Компания үшін маңызды прогресс дер едім.
Google негізі қаланғалы кейінгі 34 жылда мұндай қадамға алғаш барып тұр. Сондықтан компания басшылығының жаңартылған жүйеден үміті зор. Ал сарапшылар технологиялық алпауыттың бастамасының өзге веб сайттарға әсері қалай болатынын уақыт көрсетеді деп отыр.
Әсия Нұрлыбаева, 24.KZ