Табиғи апаттар тұрғындарды тығырыққа тірей бастады

Индонезияда тасқыннан көз жұмғандар саны 67 адамға жетті. Тағы 20 тұрғын із-түссіз жоғалып кеткен.

Ал Чилиде соңғы 74 жылда болмаған суық болып жатыр.

Үндістанның шығысы керісінше ыстықтан зардап шегуде.

АҚШ-тағы 1 миллионға жуық адам тұратын Индиана-полис қаласы су астында қалды.

Чили

Чили астанасы Сантьяго тұрғындары бірнеше қабат киім, ыстық шай мен кофе ішуді үдеткен. Бірақ олар сонда да бойымыз бір жылымайды дейді. Мұндай суық өткен ғасырдың орта шенінде болыпты. Сондағысы температура бағаны минус 1-ге дейін төмендеген. Негізі бұл аймақта қазір күз мезгілі. Анд тауларына қар да жауған. Тұрғындар қыста тіпті қиын болады деп қорқады.

Раул Кордеро, климатолог:

- Мамыр айында мұндай үскірік 74 жыл бұрын 1950 жылдары болған. Ерекше күн райының қабылдауына полярлы жылы ауа ағыны мен тропикалық суықтың араласуы себеп болып отыр.

Үндістан

Үндістанның Батыс Бенгал штатында керісінше аптап ыстық орнаған. Құдықтар мен басқа да су көздері тартылып, аймақта тіршілік нәрі тапшылыққа айналды. Тұрғындар күні бойы бір жұтым су таба алмай сарылып жүр. Метеорологтар жоғары температура маусым айына дейін созылады деп ескертті.

Су үлкен мәселеге айналды. Күні бойы аузымыз құрғап жүреді. Жергілікті билікке сан рет шағымдандық. Бірақ олар дұрыс еш әрекет қылмай отыр – дейді тұрғындар.

Индонезия

"Жығылғанға – жұдырық." Индонезия толассыз құйған жаңбырдан кейінгі су тасқынынан ғана емес, сондай-ақ жанартаудан атқылаған суық лавадан да зардап шегіп отыр. Лай көшкіні бірнеше елді мекенді тұтасымен басып қалған. 249 үй қирап, 225 гектар күріш алқабы бүлінді. Құтқару ісі әлі жүріп жатыр.

Тағы жаңбыр жауып, лай көшкіні жүреді деген қауіп бар. Баспанасыз қалдық. Жағдайымыз қиын – дейді тұрғындар.

АҚШ

АҚШ-тың орталығын су басып жатыр. Әсіресе Индианаполис қаласына ауыр соқты. Көшеде көліктер жүзіп жүр. Билік тұрғындарға далаға шықпауды ескертті. Жауын-шашын әлі жалғасуы мүмкін.

Ернат Мелсұлы, 24.KZ