Иранда алдағы 50 күнде президенттік сайлау өтеді
Ибрахим Раисидің опат болуына байланысты Иранда 5 күндік аза тұту жарияланды.
Бұдан бөлек, жаңа президент сайланғанша, ел тізгінін вице-президент атқарады. Ал Сауд Арабиясының королі ауруханада жатыр. Өз кезегінде Қытай АҚШ-тың бірқатар компаниясына санкция салды.
Президенттік сайлау алдағы 50 күнде өтеді
Алдағы 50 күн ішінде Иранда кезектен тыс президенттік сайлау өтеді. Бұл туралы ел парламентінің ішкі істер жөніндегі комиссия төрағасы Мұхаммед Салех Джокар мәлімдеді. Осыдан кейін президент парламентке министрлер кабинетінің жаңа құрамын таныстырып, келісімін алуы керек. Оған дейін ел тізгінін ұстау міндеті мемлекеттік мәселелерде соңғы шешімді қабылдайтын рухани көшбасшының мақұлдауымен бірінші вице-президентке жүктеледі.
Естеріңізге сала кетейік, Иран президенті Ибрахим Раиси мінген тікұшақ кеше апатқа ұшырап, борттағылардың бәрі ажал құшты. Ресми ақпар бойынша тікұшақта Иран президентімен бірге Сыртқы істер министрі Хоссейн Амир-Абдоллахян, Шығыс Әзербайжан губернаторы Малик Рахмат және президент күзетінің басшысы Мехди Мусави болған. Апаттан көз жұмғандарды жерлеу рәсімі ертең Тебриз қаласында өтеді.
Сауд Арабиясының королі ауруханаға түсті
Сауд Арабиясының королінің өкпесі қабынып, ауруханаға түсті. Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, 88 жастағы монарх қазір Джидда қаласындағы корольдік клиникада медициналық тексеруден өтіп жатыр. Бұл ауруханаға ол кеше дене қызуы және буын ауруына байланысты жеткізілген еді.
Айта өтейік, сәуір айында ғана король Салман физикалық тексеруден өту үшін ауруханаға жатқан болатын.
Қытай АҚШ компанияларына санкция салды
Қытай АҚШ-тың тағы 3 компаниясына санкция салды. Олар Тайваньға қару-жарақ жеткізді деп айыпталып отыр. Бірақ ресми Вашингтон аралды қарумен қамтамасыз ету Бейжіңнің Тайвань төңірегіндегі әскери күштерінің артуымен байланысты екенін алға тартады.
Айта кетейік, енді қара тізімге ілінген кәсіпорындар Қытай халық республикасына инвестиция құя алмайды. Ал компаниялар басшыларының ел аумағына кіруіне рұқсат жоқ.
Мадридте жаппай шеру өтті
Испания астанасы Мадридте жаппай шеру өтті. Көшеге шыққан жұрт қоғамдық денсаулық сақтау жүйесіне бөлінетін қаржы көлемінің қысқаруына қарсы. Себебі соның кесірінен медицина қызметкерлері жұмыссыз қалып, ауруханаларда ұзын сонар кезек пайда болған. Шерушілердің айтуынша, наразылық акциясына 200 мыңдай адам жиналған. Десе де полиция небәрі 18 мың тұрғынның көшеге шыққанын хабарлады.
Әлемде бал аралары жойылып кетуі мүмкін
2035 жылға қарай әлемде бал аралары толығымен жойылып кетуі мүмкін. Қазірдің өзінде Солтүстік Америка, Еуропа мен Оңтүстік Африка омартасында олардың жаппай қырылуы байқалады. Мәселен, былтыр Бразилияда 100 миллионнан аса жәндік жойылған.
Жалпы кейінгі 7 жыл ішінде жер жүзі бойынша шамамен аралар саны 15 миллионға азайып кеткен. Мамандардың айтуынша, мұның бәрі – бірінші кезекте жаһандық жылынудың салдары.