21 мамыр. Әр елдің салты басқа...

21 мамыр – Диалог және даму үшін мәдени әралуандықты сақтаудың дүниежүзілік күні.

Бұл мерекені Біріккен Ұлттар Ұйымы 2002 жылы бекіткен. Бұл күн адамзат үшін өте маңызды. Өйткені әлемдегі барлық ірі қақтығыстардың 75 пайызы мәдени әртүрлілік негізінде туындайды екен. Сондықтан бейбітшілік, тұрақтылық және дамуға қол жеткізу үшін мәдениеттер арасындағы алшақтықты жеңе білудің мәні зор.

Мәдениет – діл, дін, тіл, салт-дәстүр, тарихи сана, спорт ойындары мен ұлттық құндылықтар жүйесі.

3 мың жылдық тарихы бар біздің көшпенділер мәдениеті әлемдік өркениеттен ойып тұрып орын алған. Номадизмнің жарқын бір үлгісі – кілем тоқу.

Масатыдай құлпырған – әзербайжан кілемі

Әзербайжанның кілем тоқу өнері 2010 жылы адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген.

Бұл елде тіпті Кілем тоқудың ұлттық күні бар. Әзербайжанда әдетте кілем жерге, қабырғаға және кейде төбеге ілінеді. Жүннен немесе жібектен жасалады.

Бауырлас елде кілем тоқу өнері Орта ғасырда ерекше дамып, сол заманда ең озық үлгілері қалыптасты. Әлемдік нарықта парсы және түрік кілемдерімен бәсекеге түсе алады. Бакуде кілемнің арнаулы музейі де бар. Сондай-ақ Бакуде жақында алғаш рет Кілем фестивалі өткен. Былтыр Әзербайжанда кілем экспорты алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға өсті. Сондықтан ол – көненің ғана емес, сонымен қатар табыстың да көзі.

Нигар Исмаилзаде, менеджер:

- Біз кілем тоқумен айналысамыз. Біздің компанияда 500 тоқымашы бар. Олардың 85 пайызын ауылдық жерден жинап алғанбыз. Біздің мақсатымыз – кілем мәдениетін сақтау ғана емес, сондай-ақ осы кәсіпті игерген, алдыңғы буыннан аманат етіп алған қыз-келіншектерге әлеуметтік қолдау көрсетеміз.

Берлиндегі "Мәдениеттер карнавалы"

Түрлі ұлттардың өнеріне толы іс-шара неміс астанасында осымен 26-рет ұйымдастырылған.

Көшедегі фестиваль 3 күнге созылады. Оған мыңдаған өнерпаз және көрермен қатысады. Әр халықтың мәдениеті таныстырылып, көрген адамның ой-өрісі кеңейеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы фестивальде 60 ұжым өнер көрсетіп, 650 мың адам жиналды.

БЛИЦ:

- Мына фестивальдің маңызы өте ерекше. Әр алуан мәдениеттің өкілдері бір жерде бас қосып, бір-бірімен араласады.

- Осы фестивальге келіп, өзім сияқты жергілікті неміс тілінде дұрыстап сөйлей алмайтын адамдардың көптігін көріп таң қалдым, бір жағынан, бұл маған жеңілдік әкелді.

Гонконгтағы "Тоқаш фестивалі"

"Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа." Гонконгта сайыс түрінде ұйымдастырылатын Тоқаш фестивалі өтті.

Ереже бойынша, қатысушылар 14 метрлік мұнараға өрмелеп, арқасындағы дорбаға ілулі тұрған тоқаштарды жинайды. 3 минут ішінде ең көп нан өнімін жинаған адам жеңімпаз атанады.

Биыл мұнараға 9 мың тоқаш қойылыпты. Бір мезетте мұнараға 12 үміткер жіберіледі. Оның 9-ы ер, 3-уі әйел болуға тиіс. Чемпиондар "Тоқаш патшайымы және патшасы" деп танылады.

Джанет Куң, "тоқаш патшайымы":

- Былтыр дұрыс өнер көрсете алмап едім. Биыл алдыма жан салмадым. Өткен жылы дайындалғанда осы ойынның жүздеген видеосын көріп жаттықтым. Бұл біздің бұрыннан келе жатқан ойынымыз. Ептілікті, жылдамдықты дамытады. Жиналған тоқаштар үйіңізге береке әкеледі деген сенім бар.

Мәдениет, дін және тіл тамырлас. Бірақ бұл тамырластық кей жағдайда туыстыққа, бауырмалдыққа, татулыққа апармайды. Әлемдегі негізгі үш діннің бесігі саналатын Палестина жерінде қазір қақтығыс болып жатыр. Араб пен иврит – ағайынды тілдер. Бірақ саясаттың тілі басқа болып тұрғаны өкінішті.

Ернат Мелсұлы, 24.KZ