22 мамыр – Халықаралық биологиялық әралуандық күні
22 мамыр – Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен Биологиялық әралуандықтың халықаралық күні.
Биологиялық әралуандыққа адамнан басқа тіршілік иелерінің барлығы жатады. Жалпы әлемде олардың анықталған 2,5 миллиондай түрі белгілі.
Тіршілік иелерінің ішіндегі ең көбі – жәндіктер. Олардың 1 миллионнан астам түрі бар. Ғалымдар: «2050 жылға қарай барлық түрлердің 30%-і жойылады», – деп қауіп қылады.
Тіршілік иелерінің жартысы тропикалық ормандарда өмір сүреді. Жалпы қазір жер бетінде 3 триллионнан астам түп ағаш бар. Мұны АҚШ-тағы Йель университетінің ғалымдары есептеп шығарған. Олар жер серігінің суреттерін пайдаланған. Ал адамзат өркениеті орнағанға дейін біздің ғаламшарда қазіргіден 2 есе, яғни 6 триллионға жуық ағаш болған.
Косовода жылда 700 га орман жойылады
Еуропадағы шағын ғана Косовода жыл сайын 700 гектар орман алқабы жойылады. Оған бірінші кезекте өрт себеп. Сондай-ақ климаттың өзгеруіне байланысты өңірде ұзақ уақыт жаңбыр жаумай, қуаңшылық белең алған. Бұдан бөлек, адамдар өнеркәсіп үшін ағаштарды бұтап, табиғатқа маза берер емес. Косовода орман алқабы қысқарған соң қоңыр аю, сілеусін, жабайы ешкі мен елік те азая бастаған.
Лара Вукасович, эколог:
- Біздің аймақта кейінгі кездері табиғи апаттар көбейіп кетті. Орман жиі өртенеді. Қайта-қайта су тасқыны басып жатыр. Осыдан жер қурап, бүлініп, түк шықпайтын өлі далаға айналады.
Дронмен тұқым себіліп жатыр
Десе де жергілікті экологтар жасыл желекті сақтап қалуға үмітті. Сөзден іске кіріскен белсенділер жаңа технологияның көмегіне жүгінген. Олар қолданатын дрон 2 сағатта 1 гектар аумаққа тұқым тастай алады. Дән арнаулы шарға салынған. Оның ішіне тұқымнан бөлек, түрлі бай минерал тыңайтқыштар бар. Мамандар дәннің 30 пайызы өсіп шығатынын айтады. Сондықтан қажетті мөлшерден 3 есе көп тұқым тасталады.
Индира Карталлози, эколог:
- Тұтас ормандар ағашы жоғалып жатыр. Олардың аумағы өте үлкен. Жер бетінде техникамен жүріп, тал егу өте қиын. Сондықтан тұқым себуде дрондарды пайдалану өте тиімді әрі жылдам.
Аралар жойылса, не болады?
Кейінгі 30 жылда аралардың 4 мыңдай түрі жойылған. Ғалымдар: «бұл теріс үрдіс жалғаса берсе, 2035 жылға қарай адамзат аралардан біржола айырылып қалуы мүмкін», – дейді. Аралар жойылса, мұның салдары қандай болмақ? Бірінші кезекте бал дегенді ұмытамыз. Көптеген жемістер мен көкөністер өспейтін болады. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, биологиялық әлемнің 90%-ін 100-ге жуық қана өсімдік құрайды. Ал олардың 70%-ін аралар тозаңдандырады. Яғни, алма, жүзім, қарбыз, шабдалы, авокадо, тіпті кофенің өзі болмай қалады. Ара болмаса, сүт өнімдері де құриды екен. Өйткені сиыр, жылқы мен қой-ешкіге аралар ғана тозаңдандыратын жоңышқа ауадай қажет. Киімнің көбі жасалатын мақта да жойылады.
Флой Перес, омарташы:
- Арасыз адамзат бір күн де өмір сүре алмайды. Аралар кішкентай шөптен бастап, алып қарбыздарға дейін тозаңдандырады. Араның қатысы жоқ өсімдік жоқ деуге болады.
Климат туралы білім берілуі керек
ХХІ ғасырда климаттың өзгеруі деген ғаламдық қауіп пайда болды. Өнеркәсіп дамып, технология түрленген сайын табиғаттың аясы тарылып, биологиялық әлем дағдарысқа ұрынды. Ғалымдар: «ендігі міндет, климат өзгерісіне қарсы күресетін, оның салдарымен жұмысты үйлестіретін мамандар даярлау қажет», – дейді. АҚШ осы миссияны іске асыруға қазірден кірісіп жатыр. Миннесота штатында студенттер кәсіби әзірліктен өтеді. Бұл бастама Америка бойынша 10 штатта қолға алынған.
Либби Крамер, студент:
- Қазір «климаттық әділдік» деген жаңа термин пайда болды. Бұл климаттың өзгеруіне әділ қарауымыз керек дегенді білдіреді. Бұл – тың түсінік, жаңа білім. Климаттың өзгеруі деген не? Оның теріс салдарымен қалай күресеміз? Міне, осы білімдер тіпті мектеп оқушыларына дейін оқытылуға тиіс.
Иә, климаттың өзгеруі – бүкіл адамзатты иектеген жаңа құбылыс. Заман онымен күресетін жаңа мамандарға сұраныс тудырып отыр. Бұл үрдістен біз де қалыс қалмауымыз керек.
Бір аумақта өсімдік, жануар, құс, жәндік – әртүрлі тіршілік иесі өмір сүреді. Бұл – жалпы табиғаттың заңы. Енді осы үйлесімді адамзат өз қолымен құртып жатыр. Биологиялық әралуандық сақталуға тиіс. Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен бүгінгі күннің мәні осында.