Жаһан жұрты электр көлігін пайдалануға көшіп жатыр

Электромобильдердің әлемдік сатылымының динамикасы жыл өткен сайын артып отыр.

Былтыр шамамен 17 млн электрмобиль мен гибридті автомобиль сатылды. Бұл – алдынғы жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш. Сұранысқа сай өндіріс те қарқын алып жатыр. Көш бастап тұрған Қытайда былтыр 10 млн-ға жуық электр көлігі жасалған. АҚШ пен Еуропа елдері де көштен қалар емес. Ал Жапония болса ұшатын электр көлігі өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр.

Жаһан жұрты біртіндеп электр көлігін пайдалануға көшіп жатыр. Бұл үрдіске қатысты сарапшылар не дейді?

Электромобильдердің басты артықшылығы – олардың қалалардағы ауа сапасын жақсартуға қосатын үлесі. Бір жыл ішінде бір электромобильдің өзі орташа есеппен ауадағы 1,5 миллион грамм көмірқышқыл газының төмендеуіне ықпал етеді. Өз кезегінде бұл тыныс алу жолдары ауруларының азаюына, озон қабатын сақтауға жағдай жасайды. Мұнымен қоса электромобильдерді қолдану жаһандық жылынуды баяулатуға септігін тигізеді.

Электркар жасап шығаруда көршіміз Қытай көш бастап тұр. Бұл елдің өндіріс қарқыны көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Әлем нарығының 60%-ін Қытай электр көліктері құрайды. Үздік өндірушілер тізіміндегі АҚШ-та тоқпен жүретін көліктердің нарықтағы үлесі  – 11%. Америкада Tesla, General Motors және Ford сияқты компаниялар көш бастап тұр. Еуропада да автоөнеркәсіп өркен жайып келеді. Нарықтың 11%-і Германия, Норвегия, Франция көліктеріне тиесілі. Бұл елдерде атышулы Volkswagen, BMW, Mercedes-Benz, Renault, Peugeot, Think электрокары өндіріледі. Мұнан кейін Жапония мен Оңтүстік Корея үздік бестік тізімін толықтырып тұр. Бұл елдерде жасап шығарылатын Nissan, Mitsubishi, Toyota, Hyundai электр көліктерінің нарықтағы үлесі 3%-ке тең. Сондай-ақ Ресей, Канада, Аустралия мен Мексика да электрмобиль өндірісі бойынша қалыс қалар емес. Федерацияның Мәскеу автомобиль зауытында «Москвич 3е» электромобильдері нарыққа шығарылады. Ал 2 жыл бұрын Липецк облысындағы «Мотор инвест» зауытында Еvolute электромобильдері өндіріле бастады.

 

Ұшатын электр көлігі таныстырылды

Жапония ұшатын электр көлігін өндіруші әлемдегі алғашқы ел болуы мүмкін. Жақында Токиода SusHi Tech Tokyo көрмесінде америкалық LIFT Aircraft компаниясы жасап шығарған бір орындық ұшатын әуе транспорты таныстырылды. Неха деп аталатын әуе көлігі сағатына 100 шақырым жылдамдықты еңсере алады. Қуаты 15 шақырымға дейін тік ұшу мүмкіндігіне ие. 18 түрлі электр қозғалтқышымен жабдықталған. Кәдімгі ұшақ пен тікұшақтан айырмашылығы, бір қаладан екінші қалаға жылдам жетуге, жеке саяхаттауға болады. Сарапшылар электр әуе көлігі қолданысқа енгізілсе, әуежайдағы қарбалас, жолдағы кептеліс, ұшқыш жалдау шығыны азаяр еді, – дейді.

Джейс Маккаун, ұшқыш:

- Әуе көлігін қолдану өте жеңіл. Автоматтандырылған компьютер қарсы соққан желге төтеп беру сияқты көптеген әрекеттерді өңдей алады. Қарсы беттен жел соқса, «мен алға қарай жүргім келеді» деген тапсырма берсеңіз болды, көлік өздігінен жылжиды. Ұшу, қону үшін түймені бассаңыз жеткілікті.

 

Қара құрлықтағы көлік өндіруден көшбасшы ел

Африкадағы электрмобиль өндірісі бойынша көшбасшы ел Марокко 2025 жылға қарай нарықтағы сатылымды 20%-ке ұлғайтпақ. Қазірдің өзінде мұнда жылына 700 мың автокөлік құрастырылып шығарылады. Бұл ел Қытай, Үндістан, Жапонияға қарағанда Еуропаға автомобильді көптеу тасымалдайды. Бар болғаны 20 жылдың ішінде Марокко электр көлігі өндірісін қарқынды дамытып үлгерді. Қазір автомобиль өндіретін 250-ден астам компания жұмыс істейді. 200 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтылған. Renault брендімен танымал француздардың шағын көліктерінің көбі дәл осы Мароккода жасап шығарылады. Ел билігі жалпы ішкі өнімнің 22% және 14 миллиард долларлық экспортты құрайтын жаңа стратегия енгізбек.

Мохамед Бечири,  компания төрағасы:

- Марокко халықаралық деңгейде көлік өндірісі саласының стратегиялық тірегіне айналды. Біздің жылдық өндірістік қуатымыз – 440 000 автомобиль. 2025 жылға қарай 500 мыңға жеткіземіз. Біз мұнда өндірілетін көліктерді «Мароккода жасалған» белгісімен 70-тен астам елге экспорттаймыз.

Жыл өткен сайын әлемді тоқпен жүретін көліктер де, оны тұтынушылар да жаулап барады. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, 2030 жылға қарай көліктің бұл түрін пайдаланушылардың қатары 110 млн-ға жетеді.