Палестинаның тәуелсіздігін БҰҰ-ға мүше елдердің басым бөлігі мойындаған

Еуропаның тағы бірнеше мемлекеті Палестина егемендігін мойындады.

Бұл туралы Норвегия бірінші болып мәлімдеді. Ирландия мен Испания да осындай шешім қабылдады. Үш мемлекеттің билігі мұндай қадамға Таяу Шығыстағы қақтығысты тоқтату үшін барып отырғанын мәлімдеді. Жалпы қазірге дейін Палестинаның тәуелсіздігін Біріккен ұлттар ұйымына мүше 193 елдің 143-і таныған.

Еуропа елдерінің ішінде Палестинаны егемен ел ретінде осыған дейін Болгария, Кипр, Чехия, Венгрия, Мальта, Польша, Румыния, Словакия және Швеция таныған. Норвегия Палестинаны мойындаған ЕуроОдақтағы оныншы мемлекет. Бұл туралы елдің премьер-министрі ресми мәлімдеме жасап, Палестина халқының тәуелсіз ел болуға құқығы бар екенін атап өтті. Маңызды шешім 28 мамырдан бастап күшіне енбек. 

Йонас Гар Стёре, Норвегия премьер-министрі:

- Қарулы қақтығыстан бейбіт тұрғындардың қаза тауып жатқаны бізді қатты алаңдатып отыр. Шешім соғысушы тараптардың пайдасы емес бейбіт халық үшін қабылданып отыр. Израильдіктер де, палестиналықтар да,, қауіпсіздікте өмір сүруге құқылы.  

Ирландия премьер-министрі де осындай ұстанымды алға тартты. Саймон Харрис Палестинаға жеке мемлекет ретінде қарау екі тарап арасындағы шиеліністі шешудегі маңызды қадам, дейді. Ал Испанияның үкімет басшысы мұндай байламға келу үшін Таяу Шығысқа арнайы барып, ахуалды өз көзімен көріп қайтқан.  

Саймон Харрис, Ирландия премьер-министрі:

- Бұл шешім оңай қабылданған жоқ. Барлық жағдайды жан-жақты сараладық. Өзге елдер де Палестинаның тәуелсіздігін мойындайды деп үміттенемін. Себебі бұған бей-жай қарауға болмайды.       

Педро Санчес, Испания премьер-министрі:

- Израиль осыған дейін Палестинаны үзілді-кесілді мойындамайтынын мәлімдеген болатын. Әрине,, лаңкестік әрекетпен күресу заңды. Бірақ әскери қимылдардан Газадағы қарапайым халықтың зардап шегіп жатқаны бізді қатты алаңдатады.   

Кәрі құрлықтағы Словения да маусым айында мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасайтынын жариялады. Бұл ел де Палестина егемендігін мойындауға ниетті.     

Фариза Жанғанаева