Пәкістанда 200 мың үй жарықсыз отыр

Пәкістанда шыжыған ыстықтың беті қайтар емес.

Әсіресе Жакобабад қаласында сынап бағанасы 50 градусқа дейін жетіп, халықтың мазасы қашты. Электр желісіне зақым келіп, 200 мың үй жарықсыз қалған. Кей тұрғындар желдеткіштерді іске қосу үшін күн энергиясына жүгініп жатыр. Синоптиктер: «Пәкістанның 26 аймағында ыстық күн райы мамырдың соңына дейін сақталады», – деп отыр. Билік тұрғындарды аса қажеттілік болмаса, тысқа шықпауға шақырды.

Суреш Кумар, сатушы:

- 50 жыл бұрын күн райы дәл осылай ыстық болғанына қарамастан оған төтеп бере алдық. Өйткені электр энергиясында ақау болмады. Ал қазір жарықтың жоқтығы ыстыққа шыдас бергізер емес. Сынап бағанасы 52 градусқа жетіп тұр, температура бұл көрсеткіштен де жоғарылайды. Біз 4-5 сағаттап электр қуатынсыз отырмыз.

 

Көшкін жүріп, жүздеген адам опат болды

Папуа-Жаңа Гвинеяның солтүстігінде көшкін жүріп, жүздеген адам опат болды. Тау-тас қирап, ондаған үй бүлініп, инфрақұрылымның түгі қалмаған. Табиғи апаттан Энга провинциясындағы Каокалам елді мекені қатты зардап шеккен. Көшкіннен кейін мұнда аяқ басар жер жоқ. Тұрғындар амалсыз жүгін жинап, қонысын тастауға мәжбүр болған. Билік халықаралық қауымдастықтардан шұғыл көмек сұрады.