Брюссельде Газа секторының мәселесі талқыланды

Брюссельде Газа секторындағы күрделі ахуал мен қос мемлекет құру мәселесі талқыланды.

Жиынға Палестина премьер-министрінен бөлек, донор-мемлекеттер мен БҰҰ өкілдері қатысты. Шараға қатысушылар екі мемлекет құру бастамасын бір ауыздан қолдап, Газадағы қарулы қақтығысты дереу тоқтатуға шақырды. Алайда бұл бейбіт өмірге бастама бола ала ма?

Мұхаммед Мұстафа халықаралық серіктестерге өз жұмысының үш басым бағытын атады. Олар: азаматтарды қолдау, мемлекеттік институттарды құру және қаржылық жағдайды тұрақтандыру.

Мұхаммед Мұстафа, Палестина премьер-министрі:

- Газа секторындағы гуманитарлық ахуал күн өткен сайын ушығып барады. Инфрақұрылым айтарлықтай қирады. Оны қалпына келтіру өте қиын болады. Ал осы кездесу Палестинаны тәуелсіз ел ретінде қалыптастыруда негіз бола алады.

Еуроодақ дипломатиясының жетекшісі Жозеп Боррель аймақтағы саяси процесске оралудың маңызына ерекше тоқталып, екі мемлекет құру шешімінде «халықаралық бастамаларды» елеп-ескеру қажеттігін атап өтті.

Жозеп Боррель, Еуроодақ дипломатиясының жетекшісі:

- Екі мемлекет құру туралы шешім Израиль қауіпсіздігіне төнген қауіп емес. Керісінше, ел қауіпсіздігі мен өркендеудің жалғыз ұзақмерзімді кепілі. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін осы істі жүзеге асыруымыз керек.

Палестинаға донор-мемлекеттердің Брюссельдегі кездесуі аясында аталған елдің үкімет басшысы мен 5 араб мемлекетінің сыртқы істер министрлері келіссөздер өткізді. Басқосуға Сауд Арабиясы мен Норвегияның СІМ басшылары төрағалық етті.

Эспен Барт Эйде, Норвегияның Сыртқы істер министрі:

- Ұзақ мерзімді перспективада екі мемлекет туралы шешімнен басқа амал жоқ. Біз бұған сенімдіміз. Норвегия Палестинаның тәуелсіздігін мойындаған елдердің бірі саналады. Жалпы, оның егемендігін мойындаған не мойындамаған мемлекеттердің барлығы да Палестина ел ретінде құрылуы керек деген пікірде.

Фейсал Ибн Фархан Әл Сауд, Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі:

- Палестина ғана емес, Израиль халқының қауіпсіздігі мен құқығын қамтамасыз етудің жалғыз жолы қос мемлекет құру. Бұл халықаралық қауымдастықтың ортақ ұстанымы. Бұған қол жеткізу үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет.

Бүгін Брюссельде Еуроодаққа мүше 27 мемлекеттің сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтеді. Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі Газа секторындағы азаматтардың ахуалы мен халықаралық гуманитарлық құқықтың сақталуын қамтамасыз ету.

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов