АҚШ-та торнадодан 23 адам мерт болды
АҚШ-та дүлей дауылдан 23 адам қаза тауып, жүздеген тұрғын жарақат алды, деп хабарлайды 24KZ.
Билік зардап шеккендердің нақты саны әлі де анықталып жатқанын айтады. Табиғи апаттан Техас, Арканзас, Кентукки, Оклахомадағы үйлер қирап, жүз мыңдаған тұтынушы электр қуатынсыз қалған.
Бұл – 2015 жылдан бері Техас штатындағы адам өлімі ең көп тіркелген торнадо. Ұлттық метеорологиялық қызмет оны қуаты жағынан екінші деңгейлі деп бағалаған. Дүлей желдің жылдамдығы сағатына 217 шақырымға жеткен. Техасты қайтыс болған 7 адамның ішінде 2 және 5 жасар бала болған. Штаттағы Вэлли Вью қалашығы ең қатты зардап шеккен. Үйлер мен ғимараттар бүлініп, электр бағаналары құлап, көшелер қоқыс астында қалған.
Грег Эботт, Техас штатының губернаторы:
- Шындығын айтқанда, бұл азапты апта болды: адамдар қайтыс болды, мүлік қирандыларға айналды. Техастық отбасылар мен шағын бизнестердің үміті мен армандары кезек-кезек келген дауылдарға шағылды. Торнадо шамамен 80 шақырым жерге жайылды. Біз әлі де құтқаратын адамдар бар-жоғын анықтап жатырмыз, іздеу-құтқару шараларының соңғы раундын өткізуіміз керек.
Арканзаста дауыл салдарынан 8 адамның өмірі қиылғанын штат губернаторы Сара Хакаби Сандерс мәлімдеген болатын. Штаттың комиссиясымен қатар Төтенше жағдайлар бойынша федералдық коммисияның өкілдері де Бентонвиль қаласындағы торнадодан келген зиянды бағалады. Ал Кентукки штатының губернаторы дүйсенбі күні төтенше жағдай жариялады.
Энди Бешир, Кентукки штатының губернаторы:
- Өкінішке қарай, біз Кентуккидің 4 тұрғынынан айырылғанымызды растаймыз. 4 кісі өлімі тіркелді және бір адам өз өмірі үшін күресіп, ауыр халде жатыр. Біздің есебімізше, кем дегенде 4 торнадо түсіп, 64 шақырым жерге жайылған.
Дүйсенбі күні бірнеше штатта 500 мыңға жуық тұтынушы, оның ішінде 170 мыңға жуығы Кентукки штатында электр қуатынсыз болған. Синоптиктердің болжамы бойынша дауылдар енді АҚШ-тың шығыс жағындағы штаттарға ығысады. Нью-Йорк, Филадельфия, Балтимор, Вашингтон, Шарлотт сияқты ірі қалаларда қолайсыз ауа райы қауіптілігі жоғары.
Авторы: Айжан Сыдықова.