МАГАТЭ: Иран байытылған уран қорын ұлғайтты. Шартарап
Иран байытылған уран өндірісін қайта ұлғайта бастады, деп хабарлайды 24KZ.
Соңғы тоқсанда оның көлемі 20 келіге артқан. Бұған МАГАТЭ алаңдаушылық білдіріп отыр. Өз кезегінде Еуропа пластик қалдықтармен арпалысып әлек. Жуырда Кәрі құрлық елдері тиісті заң да шығарды. Франция болса, алдағы Олимпиада ойындарын мейлінше қауіпсіз етуге күш салып жатыр. Өйткені қылмыс көбейеді деген күдік бар.
Иран уран өндірісін ұлғайтып жатыр. 60%-ке байытылған уран қоры соңғы тоқсанда 20 келіге артқан. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметі бойынша оның жалпы көлемі 142 келіге жетеді. Айта кетейік, ядролық қару жасау үшін уранды кемі 90%-ке дейін байыту қажет. Бірақ Иран билігі мұндай жоспардың жоғын алға тартып, мемлекеттің ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатқа бағытталғанын жеткізді.
Пластик бөтелкелердің дизайны өзгереді
Еуроодақ елдері пластик бөтелкелердің дизайнын өзгертетін болды. Жаңа ережеге сәйкес сыйымдылығы 3 литрге дейінгі құтылардың қақпағы енді ыдысқа бекітілген болуы керек. Өйткені пластик қалдықтарды қайта өңдеу кезінде олар көп жағдайда назардан тыс қалып жататын көрінеді. Осылайша, Кәрі құрлық депутаттары қоршаған ортаның ластануын 10%-ке азайтуды көздеп отыр.
Айта кетейік, жаңа ереже шілденің 3-і күні күшіне енеді.
Бразилияда тасқыннан соң инфекция тарала бастады
Бразилияда тасқыннан зардап шеккен өңірлерде лас су арқылы инфекция тарап, тұрғындар арасында өлім-жітім деректері тіркеле бастады. Жуырда лептоспироздан 4 адам көз жұмды. Жалпы мамыр айынан бері ел аумағында 1000-нан аса азаматтан бактериялық ауру анықталған. Естеріңізде болса, Бразилияның оңтүстігінде алапат тасқын жүрген еді. Одан 170 адам опат болып, 800 мыңдай тұрғын зардап шекті. 50-ге жуық әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Жарты миллионға жуық азамат жай-күйсіз қалды.
Папуа-Жаңа Гвинеяда тұрғындар жаппай эвакуациялануда
Папуа-Жаңа Гвинеяда ел тұрмысын әп-сәтте ойран еткен лай көшкіні әлі де басылар емес. Сондықтан жергілікті билік өкілдері төтенше жағдай жариялап, қауіпті аймақтағы 8 мың тұрғынды жаппай көшіре бастады. Бұған дейін табиғи апат кезінде 2 мыңнан астам азамат лай астында қалып қойған болуы мүмкін деген болжам айтылған еді. Қазір осыған байланысты оқиға орнында іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Алайда таулы аймақ бұл іске кедергі келтіріп тұр.
Олимпиада кезінде қылмыс көбеюі мүмкін
Жазғы Олимпиада ойындары кезінде Парижде қылмыс көбейеді. Әсіресе, қалта ұрлығы, мас күйде заң бұзу, зорлық-зомбылық деректері. Франция астанасының прокурорлары осылай дейді. Бұдан бөлек, дүбірлі дода барысында ақпараттық шабуыл саны да күрт артады деген қауіп бар. Осыған байланысты жергілікті шенеуніктер тұрғындар мен туристер тарапынан келіп түскен шағымдарды жылдам қарастыру үшін тергеушілерді көптеп тартпақ. Естеріңізге сала кетейік, Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Оған 15 миллионнан аса турист келеді деп күтілуде.