Египетте тоқпен жүретін таксилерге сұраныс арта бастады
Мысырдың жаңа әкімшілік астанасында алғашқы электр такси жолаушылар тасымалдай бастады, деп хабарлайды 24KZ.
«New capital cab» жобасы аясында жүзеге асырылған бастамаға әзірге 10 тоқпен жүретін көлік қатысуда. Үкімет алдағы уақытта оның санын 10 есеге дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Джордж Майкл, жоба операторы:
- Бұл – таза энергияны тасымалдауға бағытталған алғашқы жоба. Бізді кез келген басқа компаниядан ерекшелейтін дүние – барлық көліктердің таза энергиямен жұмыс істеуі. Электромобильдер ластану деңгейін төмендетуге көмектеседі. Ал қауіпсіздік тұрғысынан алғанда өте сенімді. Әрбір көлік камерамен жабдықталған және жүргізушілер кәсіби маманданған азаматтар.
Электр такси қызметін тұтынған жолаушылардың дені жұмыс сапасына дән риза. Әсіресе, оның қауіпсіздігі мен экологиялық тұрғыдан тазалығы сұранысты одан әрі арттыра түседі деген пікірде.
Ахмет Мохамед, жолаушы:
- Көлік қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілген. Ішкі камерасы арқылы барлық жағдайды бақылап отыруға болады. Әсіресе, қыз балалар мен әйелдер үшін түн жарымда таксиге қажеттілік туындай қалса, электр такси қызметіне сенімді түрде жүгіне алады.
Ал, такси жүргізушілері тоқпен жүретін көлікті тізгіндеу әлдеқайда тиімді дейді. Өйткені жанармай немесе газ тұтынатын автомобильдерде ақау жиі болып тұрады.
Саид Сайед, электр такси жүргізушісі:
- Жанармаймен жүретін көліктер үнемі кемшілікке тап болатындықтан, жүргізушілер газға ауыстырып жатады. Бірақ қай-қайсысының да пайдасынан зияны көп. Ал электр көлігінің келешегі зор. Ол экологиялық таза әрі ыңғайлы.
Мысырлықтар электр көлігінен көп үмітті. Сарапшылар ел үкіметі такси қызметіне тоқпен жүретін технологияны ғана қолданса, жаңа жұмыс орны көптеп ашылып, мұнай импортына тәуелділік азаяды. Ең бастысы, айналаны зиянды қалдықтардан арылтып, таза экологиялық орта қалыптастырады дейді.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева