Қытайда есейіп кеткен балалары ата-анасына қарайласып отыруға міндетті
Оңтүстік Кореяда ата-аналар күні аталып өтеді.
Бұл күні балалар мектепте мерекенің нышаны - түрлі-түсті қағаздан қызыл қалампыр гүлін жасап, әке-шешесіне сыйлайды. Жапонияда ата-анасын ренжіту - бала үшін ең ауыр жағдайдың бірі. Азия елдернде ата-анаға қалай кұрмет көрсетіледі?
Қытайда ата-анаға деген құрмет ерекше. Баласының бақытты болашағы үшін олар 3 қағидатты ұстанады. Бұл кішкентайынан еңбекке баулу, лайықты білім беру және ата-анаға құрмет көрсету. 2013 жылы мұнда ересек адамдарға әке-шешесінің хал-жағдайын білім, кездесіп отыруға міндеттейтін заң күшіне енген. Бағынбағандар айыппұл арқалап, тіпті бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Көрші елде қарт кісі көп. Мұнда 60-ты алқымдағандар саны 300 миллионға жақындап қалды. Солардың 160 миллионы жалғыз өздері ғана тұрады екен.
Жапонияда ата-ананың реніші — ең ауыр жаза
Жапония салт-дәстүрлерін қатаң ұстанатын елдің бірі. Жастар жағы үлкен кісілерге, соның ішінде ата-анаға құрметпен қарауға міндетті. Мұнда әке-шешесінің реніші,,,ең ауыр "жаза" саналады. Сондықтан балалары мұндай жағдайға жеткізбеуге тырысады. Ата-аналары да тиісті қарым-қатынас көрсетеді. Мысалы, күншығыс елінде 5 жасқа дейін бала еркелеп өседі. Ол шектелмейді. Дауыс көтеруге болмайды.
Кореяда ата-ана күні аталып өтеді
Оңтүстік Корея жұрты тәрбиеде ұстанатын екі негізгі қағидат - еңбекқорлық және үлкендерге құрмет көрсету. Жастар қарттарға, балалары ата-аналарына, әйел ер кісіге бағынады. Мұнда 8-мамыр - ата-аналар күні ретінде аталып өтіледі. Ресми түрде демалыс берілмесе де отбасыны мүшелері бұл күнді бірге өткізуге тырысады. Бұл мерекенің нышаны қызыл қалампыр саналады. Мектепте оқушылар қағаздан осы гүлді жасап, әке-шешесіне сыйлайды. Ал 5 мамырда Оңтүстік Кореяда балалар күні атап өтіледі. Мамырда осындай екі мереке болғандықтан ол отбасы айы деп аталып кеткен.
Жұлдыз Атагельдиева