Оңтүстік Кореяда Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтті

Халықаралық балаларды қорғау күні Оңтүстік Кореяда да аталып өтті, деп хабарлайды 24kz.

Мерекені ТМД елдерінен келгендер ұйымдастырды.

Владислав Цой, тілші

- Сурет байқауында бірнеше бала Қазақстанның рәміздерін бейнеледі. Әли Дәрменбаев көк тудың суретін, ал оның қарындасы киіз үйді салды. Бүлдіршіндердің отбасы Оңтүстік Кореяға бірнеше жыл бұрын Шымкенттен көшіп келген.

Нармин Дәрменбаева, байқауға қатысушы:

- Казақстан – менің туған елім. Қазақтар бұрын киіз үйде тұрған. Мен де киіз үйде тұрғым келеді. Сондықтан оның суретін салдым. Қазақстанда туыстарымыз көп. Менің ойымша, ол жақта Кореяға қарағанда жақсы.

Фестивальді алматылық Евгения Цхай басқаратын Korean Global Network қауымдастығы ұйымдастырды. Балалар мерекесіне жергілікті кәсіпкерлер қолдау көрсетті.

Ким Ен Мо, кәсіпкер:

- Біздің компания балаларға арналған іс-шараларды ұйымдастырумен көп жылдан бері айналысып келеді. Бірақ шетелден көшіп келген отбасылардың балаларына арналған мерекені алғаш рет өткізіп тұрмыз. Оны жеткіншектер жаңа елге, жаңа ортаға тез бейімделсін деген мақсатпен ұйымдастырдық.

Инчхон қаласының Енсу ауданында өткен фестивальге мыңнан астам адам қатысты. Бұл ауданда ТМД елдерінен келген 10 мыңнан астам кәріс тұрады. Соның бірі – қызылордалық Михаил Цой. Игі іс-шараның басы-қасында жүрген жерлесіміз «Корё Сарам» қауымдастығын басқарады. Ұйым жергілікті тұрғындарға ұлттық салт-дәстүрді, мәдениетті таныстырып, дәріптеумен айналысады.

Михаил Цой, шараны ұйымдастырушы:

- Осы жерде тұратын азаматтардың көбі таңнан кешке дейін жұмыста. Сол себепті балалар көбіне ата-анасының қарауынсыз қалып қойып, кей кездері шылым шегіп жаман әдетке бой алдырып жатады. Қазіргі іс-шараны өткіуіміздің де бір себебі осы.

ТМД елдерінен келген корейлердің бастамасын Инчхон билігі қолдады. Қала басшылығы «Корё Сарам» фестивалін бұдан былай жыл сайын өткізіп тұруды ұйғарып отыр.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян