Корей түбегінде шиеленіс күшейді

Корей түбегінде шиеленіс тағы күшейді.

Солтүстік Кореяның Оңтүстікке ұшырған әуе шарларынан кейін Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёль мәлімдеме жасап, ресми Пхенянды айыптады. Сондай-ақ ол көрші елдегі халықтың биліктен азап шегіп жатқанын айтты. Екі жақтағы Корей ұлтын біріктіру жұмыстары жалғасатынын жеткізді. Сарапшылар президент мәлімдемесінен кейін солтүстіктегі көрші әскери агрессияны күшейтеді, деп болжады.

Солтүстіктің Оңтүстік Кореяға қарсы агрессиясына президент Юн Сок Ёлдың жуырда жасаған мәлімдемелері себеп болуы мүмкін. 6 маусымда ел үшін жанын қиған сарбаздар мен азаматтарды еске алу күні Мемлекет басшысы Солтүстік Корея халқын аштықтан зардап шегіп жатқанын айтып, оларды бостандық пен адам құқығынан айырылған отандастарымыз деп атады. 

Юн Сок Ёль, Корея Республикасының президенті:

- Солтүстік Корея режимі тарихи прогресті жоққа шығарып, өмірімізге қауіп төндіре отырып, кері кету жолына түсті. Батыс теңізде артиллериялық атқылау мен зымыран ұшырды. Одан кейін жақында тағы да арандатушылық жасады. Үкімет Солтүстік Кореяның бұл қоқан-лоққысын ешқашан назардан тыс қалдырмайды. 

Юн Сок Ёль Оңтүстік Кореяны ең жарқын, ал Солтүстік Кореяны әлемдегі ең қараңғы ел деп мәлімдеді. Президент тіпті екі мемлекетті күшпен біріктіру туралы ой айтты. 

Юн Сок Ёль, Корея Республикасының президенті:

- Бейбітшілік арқылы бағындыру емес, күшпен жақындату. Біз қуатты бола түссек ғана Солтүстік Кореяны өзгерте аламыз. Оңтүстік Корея мен Америка Құрама Штаттары арасындағы нығайтылған одақ пен халықаралық қоғамдастыққа сүйене отырып, біз халқымыздың бостандығы мен қауіпсіздігін нық қорғайтын боламыз. 

Президент Юн жақында қоқыс толтырылған мыңға жуық шардың солтүстіктен келгенін қатаң айтыптады. Бұған жауап ретінде өткен бейсенбіде солтүстіккореялық қашқындар ұйымы үгіт-насихат парақшалар мен доллар купюраларын және оңтүстік кореялық музыка сақталған USB дискілерді және 10-ға жуық үлкен пластикалық шарларды солтүстік жаққа ұшырды. Сондай-ақ осы аптада АҚШ пен Оңтүстік Корея әскерилері соңғы 7 жылда алғаш рет B-1B бомбалаушы ұшағын көкке қалықтатып, бірлескен жаттығу өткізді.

Владислав Цой, Ольга Лян