Тәттіге тәуелділік: ересектер күніге 22 қасық қант тұтынады
Қанттан артық тәтті жоқ. Бірақ көп жесеңіз, денсаулыққа зиян.
Ағзадағы инсулин деңгейі жоғарылайды. Дәл осы себептен миллиондаған адам екінші типті қант диабеті мен семіздікке шалдыққан. Әлемде артық салмақты адам саны 1 миллиардтан асады. Жыл сайын 2 миллион 800 мыңдай адам көз жұмады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қантты қалыпты нормадан артық тұтынуға болмайтынын көрсеткен. Алайда тәттіден бірден бас тарту қиын. Өйткені қант адам ағзасындағы гормондарға тікелей әсер етеді.
Тәттіге тәуелділік
Көп адам күйзелістен қант жеп арылғысы келеді. Өйткені тәтті жегенде ағзада серотонин бөлінеді. Шоколадтың бір бөлігі адамға жағымды эмоция сыйлайтыны содан. Алайда тәттіге құмарлық ағзаны қинайды. Асқазан-ішек жолының жұмысы бұзылады, тамақтану тәртібі өзгереді. Диетологтар: «қанты бар өнімдердің қосындысы күнделікті тамақ рационының 10%-ін ғана қамтуы керек», – дейді. Сонда ғана семіздік қаупі төнбейді. Жалпы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша күніне қантты 6 шай қасықтан артық қант жемеу керек. Бірақ ересектер күніге 22, балалар 34 қасық қант тұтынады екен.
«Қант көңіл күйді жақсартады деген идея бұқара мәдениетке айтарлықтай әсер етті. Сондықтан жер бетіндегі адамдардың бәрі қантты сусындарды зейінді болу үшін, шоколадты шаршағанын басу үшін тұтынады», – Константинос Мантанцис, Берлиндегі Гумбольд университетінің зерттеушісі, психолог.
Маркетингте қант зиянды емес
Қанттың денсаулыққа зияны туралы айтуға көбіне маркетинг мүмкіндік бермейді. Қанттан өнім өндіріп отырған компаниялар шындықты жасыру үшін миллиардтап қаражат жұмсауға дайын. Мәселен, 2022 жылы Coca-Cola-ның таза табысы 11%-ке өсіп, 43 млрд долларға жетті. Қазірде бұл – әлемде әрбір екінші адамның сүйікті сусыны. Себебі жарнамасы жер жарады. Сондай-ақ компания сусындар мен семіздік арасындағы байланысты азайтуға тырысқан компанияларды қаржыландырады. Осыны әшкерелеген The New York Times басылымы 2015 жылы бірнеше мақала жариялады. Онда семіздік тәтті сусыннан емес, басқадан деген сатып алынған ғалымдардың пікірлері бар.
«Cеміздік сіз тұтынатын тағамға немесе тәтті сусындарға байланысты емес. Ол сіздің физикалық белсенділігіңізбен байланысты», – доктор Фридхофф, Оттава университетінің зерттеушісі.
Coca-Cola өндруші компанияның бұл әрекеті әлемде семіздік мәселесі жайлағаннан кейін көрініс алды. Өйткені бірқатар ел осы мәселені шешу үшін құрамында қанты бар сусындарға салық салды.
Тәтті сусынға арналған салық
Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қантты сусындарға салық салуды ұсынды. Ұйым мамандарының пікірі бойынша темекіге салық салу темекі тұтынуды азайтуға көмектесетіні сияқты, қантты сусындарға салынатын салық қантты тұтынуды азайтуға көмектеседі. Мұндай салық түрлері қазірде Данияда, АҚШ-тың кейбір штаттарында, Мексикада енгізілді. Мұндай тәжірибені 2018 жылы Ұлыбритания да қолданып көрді. Өйткені елдегі артық салмағы барлардың үлесі – 31%. Жалпы қантты сусындарға әсіресе балалар мен жасөспірімдер әуес.
«Орташа есеппен бір құты сусында 40 грамм қант болады. Ал адам ағзасы бір күнде 50 грамм ғана қант тұтынуы керек», – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы.
Иә, тәтті ағазаға қажет. Тіпті қартаюдың алдын алады деген де пікір бар. Тек оны қалыпты мөлшерде қолдану ғана пайдалы болмақ.