Грекияда күн жанып тұр
Әлемнің көп елінде аптап ыстық.
АҚШ-тың бірнеше штатында сынап бағанасы 40 градусқа дейін көтеріліп, адам өлімі тіркелді. Мексикада аптапқа аң-құс та төтеп бере алмай жатыр. Амалы құрыған мамандар жануарларды балмұздақпен қоректендіріп, салқындатқыш астында ұстауға мәжбүр. Еуропада жағдай мәз емес. Шыжыған ыстықтан аймақты қуаңшылық жайлап, орман алқаптары өртеніп жатыр. Аптап Азия құрлығында да басылар емес. Әлем елдерінде бұрын-соңды болмаған ыстық орнауына не себеп? Биыл жаз қандай болады дейді сарапшылар?
Климаттың құбылуына әсер етуші фактор көп. Негізгісі – ауаға бөлінетін парниктік газ қалдықтарының артуы. Жылыну үрдісі алдағы 3 айда да жалғасуы мүмкін. «2024 жыл былтырмен салыстырғанда тым ыстық болады», – дейді сарапшылар.
Жаз құбылмалы болады
Ғалымдар болжамына сәйкес биыл жарты ғаламшар сынап бағанасының жоғарылуынан зардап шегеді. Әсіресе Оңтүстік Еуропа, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс, Батыс және Солтүстік Америка, Орталық Азия елдерінде қатты ыстық болады. Ал солтүстік және Орталық Еуропа, Шығыс Азия мен Оңтүстік Америкада жауын-шашын жиілейді. Кей аймақтарда күн суытады. Бұршақ аралас қар жауады. Мамандар: «ауа температурасының құбылуына Атлант мұхитының солтүстік бөлігі мен Тынық мұхитының беткі қабатының жылынуы, Эль-Ниньо құбылысы және парниктік газ шығарындыларының шамадан тыс артуы әсер етеді», – дейді.
Виктор Мерфи, АҚШ ұлттық ауа райы қызметінің маманы:
- Ауа температурасы мен ылғалдылық жоғарылағанда күн қатты ысып кетеді. Өкініштісі, биыл да мамыр айынан бастап сынап бағанасының көтерілгенін көріп отырмыз. Жаз ыстық болады деген болжам бар.
Былтыр да жер шарының көп бөлігі ыстықтан зардап шекті. АҚШ-тың өзінде жаз айларында күн райының қатты ысуынан 2300-ден астам адам қайтыс болған. Жедел жәрдем қызметіне жүгінгендер көбейген. Метеорологтар биыл да күн райы қатты ысиды деген болжам жасады.
Грекияда күн жанып тұр
Грекияда ыстықтың беті қайтар емес. Күндіз ауа температурасы 43 градусқа дейін көтеріліп, жұртты әбігерге түсірді. Кей аймақтарда білім мекемелері жұмысын тоқтатқан. Жергілікті еңбек министрлігі қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге шақырды. Тіпті туристік жерлер де аптаптың кесірінен жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Ежелгі өркениет орталығы Афина Акрополі күндізгі уақытта туристерді қабылдамайды. Қызыл Крест өкілдері болса көше кезгендерге бір бөтелке су мен күнге қарсы крем таратып жүр.
Айта кетейік, бұл – Грекиядағы жазғы аптаптың алғашқы толқыны. Метеорологтар: «мұндай күн райы әдетте жаздың орта кезеңінде тіркелетін», – дейді.
Мелани Пельц, турист:
- Бүгін күн өте ыстық, соған қарамастан біз Афинадағы Акрополь ғибадатханасын тамашалау үшін арнайы келдік. Қайта-қайта су ішіп, желдеткіш қолданып, ыстықтан қорғанып жатырмыз.
Ыстыққа қарамастан туристер ағыны жиіледі
Қытайда да аптап ыстыққа қарамастан туристер ағыны көп. Шыңжаңдағы Турфан ойпатында 12 метр биіктікте ауа температурасы 75 градусқа жеткен. Саяхатшылар үшін шыжыған күн де кедергі емес. Қазір елдің солтүстік және орталық аймақтарында сынап бағанасы 40 градустан асып кеткен. Ал шығыс өңірлерді қуаңшылық қысып тұр. Соның кесірінен егін алқаптары қурап, шаруаларға қиынға соғып тұр. Синоптиктердің болжамына сәйкес Азия аймағында жаз айларында бұдан да ыстық күтіледі.
Жануарлар балмұздақпен қоректенеді
Мексикада аптап тұрғындарды былай тұрсын, жануарларды да әбден әбігерге салды. Тіпті кей аңдар ыстыққа шыдас бермей өліп қалған. Сол себепті мамандар аң-құстарды салқындатқыш астында ұстауға мәжбүр. Ал зообақтағы хайуанаттарды балмұздақпен қоректендіруге көшкен. Құстарға салқын су, жыртқыш аңдарға мұздатылған ет беріп амалдайды. Осы қызықты процесті тамашалау үшін келушілер қатары артқан.