2050 жылға қарай әлем халқының 75%-ін қуаңшылық жайлауы мүмкін

Қызылшаны өсіру, күтіп баптау, одан қант шығару оңай емес. Британиялық диқандар 300 тонна қант қызылшасы кеуіп қалғанын айтады, деп хабарлайды 24kz.

Себебі – құрғақшылық.

Климаттың өзгеруі онсызда тұралап тұрған кәсіпті одан сайын іске алғысыз етті. Жалпы әлемде қызылша алқаптары ғана емес, барлық жер ресурстарының 40%-інің тозығы жеткен.

Ернат Мелсұлы, тілші:

- Қуаңшылық тақырыбы бүгін дұрыс қозғалып отыр. Өйткені 17 маусым – Шөлейттену және құрғақшылықпен күресудің дүниежүзілік күні.

Біріккен ұлттар ұйымы бекіткен бұл күннің әлем бойынша аталып өтіп жатқанына дәл бүгін 30 жыл толды. Қуаңшылық – өте өзекті мәселе. Әлемде секунд сайын 4 футбол алаңына тең жер тозып, жылда 100 миллион гектар аумақ жарамсыз болып қалады екен.

 

Бразилияда апельсин қурап жатыр

Әлемдегі апельсин шырынын ең ірі экспорттаушы – Бразилияның апельсин алқаптарына қауіп төніп тұр. Бұған климаттың өзгеруінен туындаған аптап ыстық пен құрғақшылық себеп. Мамандар мұндай ауыртпалық кейінгі 14 жылда алғаш рет тіркеліп отырғанын айтады. Былтыр Бразилияда әрқайсының салмағы 40 келі болатын 307 миллион жәшік апельсин терілген екен. Биыл бұдан 24% аз өнім жиналады деген теріс болжам бар.

Оскар Симонетти, шаруа:

- Құрғақшылық кесірінен құрт түскен немесе қураған апельсин піспейді және мерзімінен бұрын үзіледі. Осыдан жемістің салмағы азайып, одан алынған шырынның сапасы нашарлайды. Кейінгі 3 жыл қатарынан ауа температурасы жоғарылап жатыр. Нақты мысал келтірейін. Таңертең сынап бағасы 10 градус болса, түсте бірден 30 градусқа жетеді. Өсімдік температураның осылайша, күрт өзгергенін көтере алмайды.

 

Мексикада қуаңшылықтан мыңдаған балық қырылды

Мексиканың солтүстігіндегі Чиуауа штатында құрғақшылықтан мыңдаған балық қырылды. Мұндай ауа температурасы 40 градустан түспей тұр. Жалпы Мексика аумағының 90%-і қатты қуаңшылыққа тап болған. Эпидемиологтар енді өлген балықтардан түрлі ауру таралуы мүмкін деп қауіптенеді. Мамандар дәрі сеуіп әлек. Аймақтағы алма, бидай және малға азық боларлық шөптер жаппай қурап жатыр. Өңір үшін басты су көзі – Авраам Гонсалес бөгетінің 81%-і құрғап қалған. Төрт түлік малға да қиын болды.

Фернандо Пена, диқан:

- Құрғақшылық ел экономикасын тұралатып, күнделікті нәпақасын жер емуден тауып отырған қарапайым адамдардың тіршілігін тығырыққа тіреді. Егістіктер қурап, балық, мал жаппай қырылып жатыр.

 

Панама каналындағы құрғақшылық кемелерді тұсап қойды

Атлант және Тынық мұхиттарын қосатын Панама каналы 3 жылдан бері құрғақшылықтан зардап шегіп келеді. Бұл әлемдік экономика үшін өте маңызды су арнасы. Ұзындығы – 82 шақырым. Ол арқылы жаһандық сауда кемелерінің 5%-і, сондай-ақ АҚШ контейнерлерінің 40%-і өтетін. Қазір Панама арқылы күніне 27 кеме ғана өтуге рұқсат бар. 3 жыл бұрын бұдан 2 есе көп еді. Қуаңшылық салдарынан канал суы таязданып қалған. Қазір каналдан өту кезегінде 50-ге жуық кеме тұр. Кезек 2-3 күн сайын келеді екен.

Айакс Мурилло, гидролог:

- Канал арқылы кеме өткізу мүмкіндігін арттырғымыз келеді. Бірақ бәрі күн райына, жауын-шанның түсу мөлшеріне байланысты. Егер қуаңшылық қайтып, су деңгейі көтерілсе, келесі жылдың қазанына қарай күнделік өтетін кемелер санын 36-ға жеткізер едік.

Біріккен ұлттар ұйымының зерттеуіне сүйенсек, құрғақшылық деңгейі кейінгі 24 жылда 29%-ке артқан. Одан жыл сайын 55 миллион адам зардап шегіп отыр. Ал 2050 жылға қарай әлем халқының шамамен 75%-і қуаңшылыққа ұрынуы мүмкін. Қазақ «Елге ел қосылса – құт, Желге сел қосылса – жұт» деген. Жаһандық жылыну, климаттық өзгеруімен байланысты адамзатты құрғақшылық қана емес, түрлі табиғат апаттары қыспаққа алған заманда елімізді тосын зардаптан сақтасын деп тілеймін.

Мамандар құрғақшылықтан құтылудың бірнеше амалы бар дейді. Атап айтсақ, тал егіп, жасыл желекті көбейту, суды үнемдеп, ақылмен пайдалану, жаңбыр суын жинау, теңіз суын тұзға төзімді өсімдіктерді суару үшін қолдану, топырақты құнарландыру.