Әлем мұсылмандары Газа секторы үшін дұға етті
Газа секторының тұрғындары биыл Құрбан айт мерекесін жылдағыдай тойлаған жоқ, деп хабарлайды 24kz.
Керісінше, қарулы қақтығыстан аймақ халқы түгелдей үйлерін тастап бассауғалауға мәжбүр. Сондықтан өзге мемлекеттердегі мұсылман қауым Газа секторындағы қараша үшін бірауыздан алақан жайып, дұға етті.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Жыл сайын Құрбан айт қарсаңында құлшылығын садақа беріп, құрбандық шалудан бастайтын палестиналықтардың биылғы халі өте мүшкіл. Өйткені мерекені атап өтуге еш мүмкіндігі жоқ. Көбі отбасынан жырақта жан-жақта бассауғалап жүр. Одан қалды, аштық пен жоқшылық оларды әбден күйзелтіп жіберген. «Құрбан айтта Құдайдан тілеріміз – тек бейбітшілік», - дейді жергілікті халық.
Надя Әл-Дебис, босқын (әйел):
- Биыл біздің қасиетті Құрбан айт мерекесін жылдағыдай сән-салтанатпен атап өтуге мүмкіндігіміз жоқ. Балаларымызға жаңа киім әперуге тыйым салынды. Бұған дейін де қиын күндерді бастан кештік, соған қарамастан, ет мол, жағдайымыз жақсы еді. Биыл әбден азып-тозып кеттік. Мерекелік көңіл-күй сезілмейді, азық та тапшы.
Газа секторындағы ахуал әлем елдері назарында. Әсіресе Индонезия мұсылмандары Құрбан айт мерекесін қақтығыстан зардап шеккен палестиналықтар үшін дұға етіп, Құдайдан тыныштық тілеуден бастады. Жағдайы жететін жомарт жандар олар үшін арнайы мал сойып, Құран бағыштады.
Ади Прасетья, жергілікті тұрғын (ер):
- Мен қазір қақтығыстан зардап шегуші Газа тұрғындары үшін дұға етемін. Қолымыздан келері осы ғана. Мұнымен қоса, қайырымдылық ұйымдары арқылы гуманитарлық көмек жіберуге тырысып жатырмыз. Құрбан айт мерекесінде әлемде тыныштық орнап, қақтығыстар тоқтаса екен деп тілейміз.
Иракта да мұсылмандар мал бағасының қымбаттауына қарамастан дәстүр бойынша құлшылық рәсімдерін орындап, Айт мерекесін атап өтті. Газа секторы үшін алақан жайып, дұға етті.
Мохамед Әл-Джавади, жергілікті тұрғын (ер):
- Газадағы бауырларымыз үшін дұға еттік. Құдайдан олардың азабын жеңілдетіп, уайымнан арылтуын тілейміз. Келер жылы Құрбан айтты төрт көзіміз түгел тыныштықта тойлау нәсіп етсін.
Алақан жайған бар мұсылман әлемді тыныштық жайлап, Газаға бейбіт күн орнауын тілеуде. Көптің тілегі қабыл деген. Сарапшылар қасиетті Айт мерекесінен соң аймақтағы қақтығыс келіссөз арқылы шешілер деген үмітте.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева