Қытайда топан судан зардап шеккендер 180 мың адамға жетті. LIVE
Қытайда кейінгі апталарда табиғи апаттар жиіледі, деп хабарлайды 24kz.
Бір аймағын аптап жайласа, екінші бөлігі нөсер жауыннан зардап шегіп отыр. Әбден зәрезап болған жұрт үй-жайын тастап, жаппай көшіп жатыр. Енді елдің шығысы мен оңтүстігін топан су басып, халық арасында дүрбелең туған. Осы елдегі меншікті тілшіміз Руслан Бақытбекұлы тікелей байланысқа шығуға дайын.
Диктор:
- Руслан, бұл жолы, Қытайдың нақты қай өңірін су шайып кетті? Табиғи апаттан келген залал қандай?
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Иә, Қытайда соңғы кездері табиғи апат жиілеп кетті. Әсіресе Гуанси-Чжуан автономдық ауданы мен Фуцзянь провинциясы жақта жағдай қиын. Нөсер тоқтаусыз жауып, 10 өзен арнасынан шығып кеткен. Көлдер мен су қоймалары қауіпті деңгейге жеткен. Жаңа ғана тағы бір өзен тасып жатыр деген ақпар алдық. Табиғат апатынан келген шығын орасан зор.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, зардап шеккендер саны 180 мың адамға жетті. Мыңдаған үйлер мен шаруа қожалықтары судың астында қалды. Жарық мүлдем жоқ. Су тасқыны болған елді мекендер мен қалалардан 36 мың адам эвакуацияланды. Әлі де жанын шүберекке түйіп, кезегін күтіп отырғандар көп. Құтқарушылар шығарып үлгере алмай жатыр. Апат аймағынан ең алдымен балалар мен қарт адамдар құтқарылуда. Су астында қалған үйлер, дүние-мүлік, қырылған төрт түлікте сан жоқ. Өнімін әне-міне жинаймыз деп отырған шаруалар қыруар шығынға батты. Жергілікті билік 12 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабын су шайып кеткендегі туралы хабарлады. Бүгінгі күнге дейін есептелген шығын көлемі 1 миллиард 61 миллион юаньға жеткен. Немесе 225 миллион АҚШ доллары деп бағаланып отыр. Сунлинься мен Чжаопин гидроэлектрстанциялары судың аузын ашып жіберді. Төменге қарай максималды деңгейде су тастап жатыр. Өзендер тасып, бойында орналасқан елді мекендер мен қалаларды су басты.
Ли Чжуйбо, Чжаопин гидрологиялық станциясының директоры:
- Төтенше жағдайдағы шұғыл әрекет ету жоспарын іске қостық. Эвакуация аяқталғанша ұстап тұра алмаймыз. Басқа амал жоқ. Су біз болжаған мөлшерден артық келіп жатыр. Бір тәуліктің ішінде тереңдігі 60 метрге дейін жетті. Бұл аса қауіпті деңгей. Жауын-шашын тоқтамайтын болса ірі апат болуы мүмкін.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Азық-түліксіз қоршауда қалған елді мекендер де бар. Жергілікті жерде төтенше жағдай жарияланды. Төмендегі Лючжоу қаласындағы порттардың жұмысы тоқтатылып, паромдар жағаға шығарылды. Теміржолдар зақымданып 17 бағытта пойыз қозғалысы тоқтатылды. Сонымен қатар төпелеп жауған нөсерден таулы аймақтарда сел жүріп, жолдарды басып қалды. Орталық штаб із-түзсіз жоғалғандар, көз жұмғандар мен жарақат алғандар туралы әзірге мәлімет таратпай отыр. Синоптиктер суға жақын орналасқан ауылдар мен шаһар тұрғындарын сақтануға шақырып дабыл қағып жатыр. Болжам бойынша жауын-шашын жақын күндері тоқтамайтын сияқты.