Қытайдың шығысы мен оңтүстігін су басты
Қытайдың шығысы мен оңтүстігінде толассыз жауыннан су тасып, 180 мың адам жапа шекті.
Мыңдаған үй мен жүздеген шаруа қожалығы су астында қалды. Жарық жоқ. Су тасқыны болған қалалар мен ауылдардан 36 мың адам эвакуацияланды. Теміржолдар зақымданып, 17 бағытта пойыз қозғалысы тоқтатылды. Төпелеп жауған нөсерден таулы аймақтарда сел жүріп, жолдарды басып қалған. 2 гидроэлектрстанциядағы су қауіпті межеге жетіп, оны ақырындап төгу басталған. Апат аймағында іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
Ли Чжуйбо, Чжаопин гидрологиялық станциясының директоры:
- Төтенше жағдайдағы шұғыл әрекет ету жоспарын іске қостық. Эвакуация аяқталғанша ұстап тұра алмаймыз. Басқа амал жоқ. Су біз болжаған мөлшерден артық келіп жатыр. Бір тәуліктің ішінде тереңдігі 60 метрге дейін жетті. Бұл аса қауіпті деңгей. Жауын-шашын тоқтамайтын болса ірі апат болуы мүмкін.
Тасыған судан бірнеше елдімекен бөлініп, оқшауланып қалған. Төмендегі Лючжоу қаласындағы порттардың жұмысы тоқтатылып, паромдар жағаға шығарылды. Жергілікті билік із-түзсіз жоғалғандар, көз жұмғандар мен жарақат алғандар туралы әзірге мәлімет таратпай отыр. Ал синоптиктер жауын-шашын алдағы күндері де жалғасады деп ескерткен.