Екі жарым ғасыр бойы бұзылмаған тосап өнімі табылды
Астан жаппай ұшыну оқиғасы Мәскеу, Қазан және Төменгі Новгород қалаларында тіркелді.
Адамдар тамақ даярлап, жеткізетін фирманың қызметін пайдаланған. "Роспотребнадзор" мекемесі улануға үрмебұршақ салатының себеп болғанын анықтады. Ресейдің Тергеу комитеті компанияның бас директорымен қоса 3 күдіктіні қамауға алды. Асты дайындағандар техникалық талаптарды сақтамаған.
"Қызымның басы айналып, көзі бұлдырады. Аурудың неден екенін басында анықтай алмадық. Екінші күні ауа жетпей, тұншыға бастады."
Астан 150-ден астам адам ұшынған. 55-інің жағдайы ауыр. 30-ы жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер аурудың атын "ботулизм" деп атады. Ол жүйке жүйесіне зақымдайтын бактериядан туындайды екен.
Елена Тихомолова, дәрігер:
"Науқастардың жағдайы әр түрлі. Ауыр халде жатқандары бар. Көбі - жастар. Олар тамақты жеткізу қызметі арқылы алдырған."
250 жыл бұзылмаған тосаптар табылды
АҚШ
Тамақ дұрыс дайындалса, технологиясы дұрыс сақталса бұзылмайды әрине. Тіпті бірер күн емес, бірнеше ғасыр сақталатын тағамдар болады. АҚШ астанасы Вашингтонның маңайында археологтар жер қазып жүріп, тосап салынған құтылар тауып алды. Олар шие, жидек және қарақаттан жасалған екен. 6 қоймадан бас-аяғы 35 құты табылған. Бәрі арнаулы сараптамадан өткен. Нәтижесі - адам таңқаларлық.
Джейсон Бороуз, археологиялық топ жетекшісі:
"Бұл тосаптардың 1775 жылдың жазында қоймаға тасталғанын анықтадық. Осы сәтке дейін бұзылмай сақталған. Шынында, 250 жылдан кейін қалпын жоғалтпаған жидектерді табу - өте керемет нәрсе."
Ет жеген еркек тартымды
Еркектердің ет жеуде әйелдерді шаң қаптыратынын елдің бәрі біледі. Осы мәселеге қатысты шетелдік психологтар арнаулы зерттеу жүргізіп, тағы бір қызықты деректі анықтады. Етті көп жейтін ер адамдар нәзік жандардың алдында тартымды болып көрінеді екен. Әлем бойынша жүргізілген халықаралық зерттеуге 28 мыңнан астам адам қатысқан. Сонымен қатар ет қалталы кісілердің асы екендігі де анықталып отыр.
Кристофер Хопвуд, Цюрих Университетінің профессоры:
"Ет жеу - ерлердің ісі. Ет еркектік мінезді күшейтеді. Сондықтан ет жеген ер адамдар әйелдерге тартымды болып көрінеді. Біз жүргізген зерттеулер осыны дәлелдеп отыр."
Бұл зерттеудің қазақтарға майдай жағатыны айдан анық. Халқымыз "Қымыз кісінің қаны, ет кісінің жаны" деп бекер айтпаса керек. Десе де, кейінгі кездері біздің елде де еттен бас тартып, тек шөп-шалам жейтін үрдістің белең ала бастағаны белгілі. Бірақ зерттеулердің "Ет етке, сорпа бетке" деген қазақы тәмсілдің дұрыс екендігін дәлелдеп отырғандай.