Қытайда Beijing International Book Fair 2024 көрмесі өтті

Қытайда кітап басып шығару ісі жасанды интеллектінің көмегімен жүзеге асырыла бастады, деп хабарлайды 24kz.

Тың технология қолданылған алғашқы оқулықтар тамыз айында жарық көреді. Бұл туралы Қытайда өткен Beijing International Book Fair – 2024 көрмесі кезінде белгілі болды. Дәстүрлі халықаралық кітап жәрмеңкесіне отандық баспалар қатысты.

Бейжің халықаралық кітап көрмесі – баспа әлеміндегі ең ірі әрі маңызды оқиғалардың бірі. Көрме-жәрмеңке 1986 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл – дүниежүзінің жетекші баспаларымен байланыс жасап, тиімді серіктестік орнатуға мүмкіндік беретін алаң. Биыл Қазақстанның атынан «Arman-PV» баспасы қатысты. Іс-шарада көркемдік-танымдық шығармаларға қарағанда, академиялық және білім беру баспасына ерекше басымдық берілді.

Дидар Алина, баспа директоры:

- Бұл – үздік шетелдік баспалардың тәжірибелері мен технологияларын бейімдеуге мүмкіндік береді. Жаңа технологияларды меңгеру арқылы шығынды азайтып, өндіріс тиімділігін арттыруға болады. Бізді кітап шығару ісінде жасанды интеллектімен байланысты технологиялар қызықтырып отыр. Осы бағытта бірқатар жобалар қолға алынды.

Елімізде жасанды интеллект бұған дейін корректорлық, редакторлық, материалдар жинақтау сияқты жұмыстарға пайдаланылып келген. Енді қолданыс аясын тереңдетіп, сараптамалық бағытта сынап көрмек. Қазір осы бағытта тәжірибе алмасу жүріп жатыр.

Дидар Алина, баспа директоры:

- Жасанды интеллектінің көмегімен кітап әзірлеуге кірістік. Осы арқылы кітап нарығына сараптама жасап, қай оқулықтарға сұраныс басым екенін білуге болады. Бірақ дұрыс тапсырма, сұрақ бере білу қажет. Бұл бағытта Қытай технологияның игілігін көріп отырған ел. Жуырда қытайлықтармен бірлесіп жасаған жобаларымызды ұсынамыз. Алғашқы туындылар тамыз айында жарық көреді деп жоспарлап отырмыз.

Жәрмеңкеге 1600 экспонент қатысып өз өнімдерін ұсынды. Көрме төріне Абай туралы кітап пен ұлы ақынның шығармалары, қазақ ертегілері, аңыз әңгімелер мен ғарыш туралы жаңа оқулықтар қойылды. Барлық туындылар балалардың жас ерекшелігін ескере отырып жазылған. Отандық баспа өнімдеріне шетелдің жетекші компаниялары қызығушылық білдірді.

Марчелло Бертинетти, Nuinui баспасының жетекшісі (Италия):

- Біздің компания ұзақ жылдан бері жоғары сапалы иллюстрациялық кітаптар шығарады. Осы жолы көне өркениеттер туралы бірқатар жаңа шығармалардың тұсауы кесілді. Оның ішінде Қазақстан да бар. Біз бүгінгі күнге дейін бірнеше жинақтарды қазақ, орыс тілдерінде басып шығардық. Келешекте бұл жұмыстарды мәдениет, ғылым бағытында дамыта түсеміз.

Жалпы Beijing International Book жәрмеңкесіне қатысу қазақстандық авторлар мен олардың шығармаларының халықаралық аренада танылуына жол ашады. Сондай-ақ қазақстандық әдебиеттің танымалдылығын арттырып, жаңа оқырмандар мен инвесторлар тартуға мүмкіндік береді.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы