Парижде Олимпиада ойындары алдында қиындықтар туындады
Парижде жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына басты даярлық іс-шарасы кейінге қалды, деп хабарлайды 24kz.
Негізі ол 24 маусымға белгіленген еді. Бірақ Сена өзеніндегі су деңгейі күрт көтеріліп кеткен. Нөсерден кейін қазір ондағы меже әдеттегі жазғы көрсеткіштерден 5 есе жоғары. Сондықтан іс-шара аясындағы қайықтардың шеруін өткізу мүмкін болмай тұр. Нөсерден кейін Сенадан ішек таяқшалары мен энтерококктардың мөлшері де артып кеткен. Десе де, ұйымдастырушылар дүбірлі додаға дейін жағдай тұрақталып, бұл судағы жарыстардың өтуіне кесірін тигізбейтінін айтады. Француз билігі Олимпиада алдында Сена өзенін тазартуға бір жарым миллиардқа жуық еуро жұмсаған.