Еурокомиссия Х компаниясына айыппұл салуы мүмкін
Еуропалық Одақ Х – бұрынғы Twitter компаниясын «Цифрлық қызметтер туралы заңды бұзды» деген айып тақты.
Ұйым комиссиясы платформаны жарнаманың ашықтығына және пайдаланушылардың деректерін сақтауға қатысты талаптарды сақтамайды деп сынға алды. Олар желінің бұрын тек тексерілген пайдаланушылар алатын «көк белгіні» қазір кез келген адамға сатып алуға рұқсат беруіне алаңдайды. Бұл желі қолданушыларының ашық деректеріне оңай қолжеткізіп, алаяқтардың арбауына түсуіне жол ашады деп қауіптенеді. Егер тағылған айып расталса, компанияға жылдық табысының 6% көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.