Әлемде цифрлық алаяқтықтан $5,4 трлн шығын келді
Цифрлық алаяқтық біздің елге ғана тән мәселе емес. Әлем жұрты тап болған жаһандық құбылыс, деп хабарлайды 24kz.
Шетел жаңалықтарының шолушысы Ернат Мелсұлы осы жөнінде кеңірек тарқатып бермек.
Диктор:
- Ернат, жалпы өзіңіз интернет алаяқтықпен бетпе-бет келген кезіңіз болды ма?
Ернат Мелсұлы, тілші:
- Нақты алданған кезім жоқ. Бірақ цифрлық заманда өмір сүргендіктен мұндай қауіптің бары даусыз. Цифрлық алаяқтардан қатер қазір бәрімізге төніп тұр деп ойлаймын.
Сарапшылардың есептеуінше, әлемде кибер алаяқтықтан 5 триллион 4 миллиард доллар шығын келген. Мысалы, Ресейді алайық. Көрші елдің Орталық банкінің мәліметі бойынша кибер алаяқтар былтыр бір ғана банк саласында 16 миллиардқа жуық рубль қымқырған. Интернет-арамзалық күшейе бермек. Маркетологтардың мәлімдеуінше, 2028 жылға қарай жарнама арқылы алаяқтардан келер шығын 172 миллиард долларға жетуі мүмкін. Сондықтан жылт еткен жарнаманың бәріне сене бермеу керек. Заманауи қарақшылықтың тағы бір түрі – жасанды интеллектінің көмегімен адамдардың бет-жүзін, даусын иемденіп, жалған цифрлық бейнесі арқылы ақша ұрлау. Қазір алаяқтықтың 85%-і осындай сипатқа ие болған.
Владимир Ульянов, киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы:
- Әлеуметтік инженерия психологиялық алдап-арбауға негізделеді. Алаяқтар бұл істе тәжірибелі психологтарды жиі пайдаланады. Олар адамдармен телефон арқылы сөйлескен кезде оқитын мәтін дайындап береді. Оның үстіне өздері де мыңдаған кісіге қоңырау шалып, қандай жағдайда қалай әрекет ету керектігіне машықтанады. Былай қарасаң, өте қарапайым. Бірақ адамдардың көбі үнемдеу, оңай олжаға кенелу, тез пайда табуға бейіл. Осы пиғыл кейін опық жегізеді.
Interpol онлайн алаяқтардан $257 млн қайтарды
Қылмыстық полицияның халықаралық ұйымы – Interpol онлайн-алаяқтыққа қарсы ғаламдық операция өткізіп, 257 миллион долларды қайтарды. Бұл жоба 61 елді қамтыған. Арам пиғылдылар 6700-ден астам банк шотын бұғаттап, ақшасын сыпырып алмақ болған. Interpol 14,643 күдіктіні анықтап, төрт мыңға жуығын қамауға алды. Бір ғана Намибияда 163 компьютер мен 350 ұялы телефон тәркіленген. Ал Гонконгта 70 жастағы қарияның тірнектеп жинаған 281 мың долларын жымқырмақ болған алаяқтардың жолы кесілді.
Исаак Кехинде Огинни, Interpol Қаржылық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы орталығының директоры:
- Бұл жаһандық полиция операциясының нәтижесі тек санда ғана емес. Бұл адам өмірін сақтау, қылмыстың алдын алу және ғаламдық экономиканы қорғауды білдіреді. Осындай ірі көлемдегі ақшаны тәркілеу арқылы біз халықаралық трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтарды әшкерелеп, біржола жойып жібердік.
Венгрияда онлайн алаяқтықты қалай азайтты?
Мажарстанда онлайн алаяқтық бар болғаны 6 айда 30%-ке азайды. «Бұған жаңа құқықтық нормалар мен полицияның әрекеті әсер етті», - дейді билік. Былтыр Венгрияда киберқылмыспен күресетін 300 адамдық арнаулы топ құрылған. Олар жарты жылдың ішінде 819 күдіктіні анықтап, 114-ін қамауға алды. Алаяқтар халықаралық қылмыстық желіге жұмыс істеген.
Йоң Уаң, Қытайдағы Interpol орталық бюросының басшысы:
- Әлеуметтік инженериядағы алаяқтық және осы жолда ұйымдасқан қылмыстық топтардың бүкіл әлем үшін зияны орасан. Олар барлық құрлықта әрекет етеді. Сондықтан ешбір ел қылмыстың бұл түрімен жеке дара күресе алмайды. Өте мықты халықаралық ынтымақтастық қажет.
Ернат Мелсұлы, тілші:
- Халықаралық Juniper Research зерттеу орталығының мәліметі бойынша биыл ұялы қосымша төлемдерін қолданатын адамдар саны 1 миллиардқа жетпек. Бұл көрсеткіш 2 жыл бұрын 782 миллион болған. Яғни карта, смартфон және цифрлық әмиянмен төлем жасайтындар қатары көбеймесе, азаймақ емес. Солай ыңғайлы болғанмен, қалың көрермен бұның көлеңкелі тұсын аңдаған шығар деген пікірдемін.