АҚШ-та саяси ахуалмен қатар ауа райы да ыстық болып тұр

Ыстық біраз елді әуре-сарсаңға салды.

АҚШ-та бірнеше аптадан бері елдің батысы мен орталық бөлігін жайлаған жылы атмосфералық ағын енді шығыс өңірлерге ойыса бастады. Ал Иракта электр желісі істен шыққан. Испания мен Ресейдегі жұрттан да маза қашты.

АҚШ-та ми қайнатар ыстық басылар емес. Аймақтың шығыс өңірлеріне жаз басталғалы үшінші рет жылы толқын келіп, күн қатты ыси бастады. Синоптиктердің айтуынша, Нью-Йоркте сынап бағанасы 35 градусқа дейін жетеді. Филадельфия, Вашингтон мен Каролинада да аптап ыстық күтіледі деп болжанып отыр. Қолайсыз ауа райына байланысты билік тұрғындарды аса қажеттілік болмаса тысқа шықпауға шақырды.

Иракта ыстықтан электр желілері бүлінді

Ирак

Иракта қатты ыстықтың кесірінен кей өңірлерде электр желілері істен шығып, тұрғындар бірнеше күннен бері жарықсыз отыр. Электр қуатының өшуінен кәсіпорындар жұмысын жалғастыра алмай қиналуда. Ахуалға байланысты кәсіпкерлер мен тұрғындар үкіметтен жарықты тез қалпына келтіруді талап етіп жатыр. Алайда мәселенің әлі шешілер түрі жоқ.

Ресейде аптаптан жағажайлардағы сақтық шаралары күшейтілді

Ресей

Ресейдің қиыр шығысындағы Новосибирскіде де күн шыжып тұр. Мұнда ауа температурасы 30 градусқа жетті. Аптаптан қорғану үшін жұрт су айдындарында шомылып, жағажайларды паналауға мәжбүр. Бірақ су қауіпсіздігін сақтамау салдарынан маусым басталғалы 48 адам суға кеткен. Оның 16-сы бала. Қайғылы оқиғалардың жиілеуіне байланысты жағажайлардағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. 

Мадрид аймағында сынап бағанасы 44°c жетті

Испания

Испания астанасы Мадридте де бұрын-соңды болмаған аптап ыстық тіркелді. Әдетте ауа райы құрғақ келетін бұл аймақта күннің шыжығаны соншалық кей жерлерде ауа температурасы + 44 градусқа дейін көтерілген. Ал метеорологтар аптап алдағы күндері де жалғасуы мүмкін деп, тұрғындарға барынша абай болуды ескертіп жатыр. 

Әсия Нұрлыбаева