Ресейде биыл астық аз жиналуы мүмкін

Биыл әлем бойынша 789 миллион тонна бидай жиналуы мүмкін. Бұл – БҰҰ мамандарының болжамы, деп хабарлайды 24kz.

Бұл істе Қытай, Үндістан және АҚШ-қа үміт зор. Ал Ресейде керісінше, өнім жылдағыдан аз болуы мүмкін деген қауіп бар. «Оған ауа райының қолайсыздығы себеп», - дейді мамандар.

Биыл Ресейде астық жоспардан аз жиналуы мүмкін. Көктемде көрсеткіш 94 миллион тоннаға жетеді деп топшыланған еді. Бірақ БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы болжамды өзгертті. Пайымдауынша, биыл көрші ел астықты 10 миллион тоннаға аз бастыруы мүмкін. Оған көктемгі алапат су тасқыны себеп. Ол аздай, мамырда күтпеген жерден күн суытып, үсік шалып, біраз өнім бүлінген. Ростов облысының шаруалары болса, биыл қуаңшылықтан егіс шығымы әдеттегіден 40%-ке аз болады деп ескертіп отыр.

 

Вьетнамдағы қуаңшылықтан кофенің бағасы өсіп барады

Ал, Вьетнамда қуаңшылықтан кофе өсіретіндер жапа шегуде. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы бұл мемлекет әлемде робуста сұрпын ең ірі өндірушісі саналады. Биыл мұнда күннің ыстығынан өнім әдеттегіден 20%-ке кем жиналды. Оның үстіне Йемендегі хуситтердің Қызыл теңіздегі кемелереге шабуылдарынан тауар тасымалдау қиындаған. Ал, жеткізушілердің көбі робуста сұрпын осы су жолы арқылы тасымалдайды. Енді олар басқа бағдар таңдауға мәжбүр. Салдарынан шығын артып, бағасы қымбаттады. Кейінгі бір жылда бұл кофенің құны 44%-ке өсті. Робуста тапшылығынан арабикаға сұрпының бағамы да шарықтап шыға келді.

 

Әлемде мақта арзандай бастады

Осы кофені ірі экспорттаушылардың бірі – Бразилияда мақта өндірісі ұлғайып, оның әлемдік бағасы арзандады. Латын Америкасындағы бұл мемлекет мақтаны ірі өндірушілердің бестігіне кіреді. Тіпті бразилиялықтар жақында өнім көлемі бойынша америкалықтарды басып озды. Өйткені жүгерінің арзандауынан жергілікті фермерлер «ақ алтын» өсіруге ден қоя бастаған. Кейінгі маусымда Бразилия 12,5 миллион тонна мақта экспорттады. Нәтижесінде осы аптада оның әлемдік бағасы едәуір арзандады.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева